Біркөлікке барар жолдағы ағаштар бұталуда

Жұртшылық жол бойында өсіп тұрған ағаштарды шабуға қарсы. Бұтақтары қырқылса, кесірі тие ме деп қорқады. Алайда Леңгір қаласы әкімдігінің мамандары көптің көңіліне де, сөзіне де қарамады. Олар қаладан Біркөлік шатқалына барар жолдың бойындағы ағаштарды отап тастады. Осылайша талдарды жасартуды көздепті. Кесілген ағаштардың бұтақтары сол жерде-ақ отқа оранып, жағылуда. Осы келеңсіздікті көрген жергілікті тұрғындар ағаштарға араша болуға шақырады.

Біркөлікке барар жолдағы ағаштар бұталуда

Леңгір қаласына барар жолдағы ағаштар демеушілердің күшімен кесілген. Биліктегілер бюджеттен бір тиын да жұмсалмады деп отыр. Ал оның бұтақтарын тазартуды қаладағы бюджетік мекемелердің мойнына іліпті. Сол баяғы мектеп ұстаздары мен балбақша тәрбиешілері қолдарына бесақа ұстап, бұтақ өртеп жүр.

Нәтижесінде 6 шақырымнан астам жердегі 2 мыңға жуық ағаш бел ортасынан кесіп тасталған. Дегенмен, өртке оранып жатқан ағаш бұтақтары әлеуметік тұрмысы төмен талай отбасына қыс мезгілінде отын болары анық. Өкінішке қарай, бұтақты техникамен тасымалдаудан өртеп жіберген оңай болған секілді.

Біркөлікке барар жолдағы ағаштар бұталуда

Леңгір қаласының әкімдігі көпжылдық тал-дарақты осылайша жасартуды көздепті. Биіктігі екі және үш метрден кесіліп, жалаңаштанған. Алайда қолдарына ара ұстаған агрономдар бұл ағаштар көктемде қайта көктейтініне сенімді.

«Өткен жылы көрші ауылда тап осылай ағаштар кесілген. Көктемде гүлдеп, әдемі болды.»

Десе де, жол бойындағы ағаштардың бүгінгі көрінісі көңілді құлазытады. Леңгір қаласы әкімдігі мамандарының осы әрекетін көрген көпшілік қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстар департаменті мамандарынан араша сұрап отыр.

Нұрлан Күдерұлы