«Ерекше жандар» бағдарламасының бүгінгі қонағы — республикалық «Жұлдызай», «Үкілі үміт» байқауларының жеңімпазы, күрестен республикалық, облыстық жарыстардың чемпионы Ерсұлтан Ұлық және жетекшісі Райхан Қуанышбайқызы.
— Ерсұлтан, спорт әлеміне, оның ішінде күреске қалай келдің?
— Спорттың күрес түрі өзіме өте ұнайды. Ғалымжан ағай жаттықтырады. Мектеп табалдырығын аттағалы бері осы спорт түрімен айналысып келемін.
— Күрес түрінен жарыстарға қатысқанда көптеген қалаларда болыпсың. Еліміздегі қай қала өзіңе қатты ұнайды?
— Көкшетау қаласында жарысқа қатысып, күрестен бірінші орын алдым. Табиғаты ерекше әсем қала маған өте ұнады.
— Облыстың намысын қорғап жүрсің… Бүгінде №1 саңырау балаларға арналған мектеп интернатының 10 сыныбында оқиды екенсің. Қандай пәндерді ұнатасың?
— Қазақ тілі мен музыка пәні ұнайды.
— Райхан ханым, Ерсұлтанға жетекші болып түрлі жарыстарға қатыстырып жүрсіз, оның жетістіктері туралы айтып өтсеңіз…
— Қаладағы №1 саңырау балаларға арналған мектеп интернатында 197 бала білім алады. Ерсұлтан 2001 жылы Сарыағаш ауданындағы Ұшқын ауылында дүниеге келген. Бірініші сыныпқа келгеннен бастап баланың бойындағы таланты білініп тұрады ғой. Соны байқап, ары қарай жалғастырып дамытуға күш саламыз. Ым ишарамен ән айту деген бар бізде. Өлеңдерді үйрете бастадым. Көптеген конкурстарға, фестивальдерге қатыса бастады. Жаттықтырушысы Омар Ғалым ағайы күреске баулып, республикалық, облыстық жарыстарда ылғи бірінші орындарды иеленіп жүр.
— Өнер жұлдыздарымен қосылып ән айтқан кездері болған шығар?
— Балалар шығармашылығына арналған «Жұлдызай» фестивальіне, «Үкілі үміт» байқауларына қатысты. Былтыр Қайрат Нұртастың концертінде «Алматының түндері ай» атты әнді бірге шырқап, бір сахнада өнер көрсетті. Тамара Дүйсенованың қолынан Ерсұлтан мақтау қағазын алды.
— Ерсұлтан алдағы арман-мақсаттарыңмен бөлісе отырсаң…
— Арманым болашақта Қазақстанның мықты азаматы болғым келеді.