Шымкент қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы өңір азаматтарынан 10 айда 175 мыңға жуық құжат қабылдаған. Сондай-ақ, 51 794 жүргізуші куәлігі берілген. Бұл туралы облыстық халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің директоры Еркебұлан Әлсейітов мәлімдеді.
Қазіргі таңда Достық шағынауданында орналасқан мамандандырылған ХҚКО-да азаматтар өз автокөліктерін қайта тіркеуден өткізіп, қажетті категория үшін тәжірибелік емтиханды тапсыра алады. Мұнда, сондай-ақ, жүргізуші куәлігін алу үшін медициналық тексеруден өтуге де мүмкіндік бар.
— Айта кету керек, дайын жүргізуші куәлігін кез келген азамат Шымкент қаласындағы ХҚКО-дан алуына болатын жоба іске қосылды. Пилоттық жоба қызмет алушылардың уақытын үнемдеуге және мамандандырылған орталықтарда кезекті азайтуға мүмкіндік береді, — деді Еркебұлан Асанбайұлы.
Департамент директорының мәлімдеуінше, 2017 жылдың маусым айынан бастап жаңа тәулік бойы жұмыс істейтін пилоттық жоба іске қосылған. Жоба негізінде қала тұрғындары мен қонақтары сағат 20:00 мен 24:00 аралығында мемлекеттік қызмет алуға өтініш бере алады. Маусым айынан бастап осы режимде азаматтарға 3500-ға жуық қызмет көрсетілген.
Сондай-ақ, www.egov.kz электрондық үкімет порталында әр пайдаланушының жеке кабинеті бар. Онда түрлі мәліметтер және пайдалы сервистік қызмет түрлері енгізілген. Мәселен, кез келген азамат әкімшілік айыппұлдар жайлы ақпарат алып, тұрғын үйге кезекке және некеге тұру сынды қызметтерді пайдалана алады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі