Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іспен қолдаған оңтүстікқазақстандықтар туған жерге деген сүйіспеншіліктерін елді мекендерінде ағаш отырғызып, қоқыстан тазарту және абаттандыру жұмыстарын қолға алу арқылы көрсетті.
Рухани жаңғыруды өзіңнен бастауды негізге ала отырып Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыс көлемінде тазалық айын жариялаған болатын.
Осы аралықта өңірдегі барлық аудан, қалада сенбіліктер ұйымдастырылып, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен балалар ойын алаңшалары, саябақтар, аялдамалар, спорт алаңшалары, көше бойлары, өзен, канал бойлары мен аяқжолдар, көпірлер және жекеменшік үй аумақтары тазаланды.
Жалпы облыс көлемінде өткен сенбіліктерге 153 мыңға жуық адам қатысып, 10 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарға 892 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар, айлық іс-шарада 266 мың шақырым көше бойлары, 1270 шақырым жаяу жүргіншілер жолдары, 521 мың шаршы метрден астам жеке үй іргелік аулалар, 265 мың шаршы метр болатын көпқабатты үйдің қасбеттері және 169 мың шақырым ирригация жүйелері мен 314 шаршы метр өзендер мен каналдардың бойлары тазаланды. Сенбілік барысында сондай-ақ, 1020 гектар саябақтармен скверлер, 546 дана спорт және балалар алаңшалары ретке келтіріліп, 60 333 түп ағаш әктелді.
Тазалығымен ерекшеленген қандай да бір көрініс жанға жылу береді. Көңілімізге шаттық сыйлайтын тазалық шараларына белсене қатысатын жастар, ауыл-аймақ тұрғындары қай уақытта да сауабы мол сенбіліктерден қалыс қалмайды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі