Оңтүстік Қазақстан облысында 2017 жылы 17 мың педагог біліктілігін арттырды. Сондай-ақ, аудандарда мобильді топтар құрылып, облыстың алдыңғы қатарлы мұғалімдері әріптестеріне он-лайн режимінде сабақ өткізіп, озық тәжірибелерімен бөлісуде. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов мәлімдеді.
Оның айтуынша, өңірдегі 61 мектеп биология, химия, физика және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытуды бастаған пилоттық мектептердің тізіміне еніп отыр. Сонымен қатар облыс бойынша 18 жасқа дейінгі даму мүмкіндігі шектеулі бала саны 35 мыңнан асқан. Облысымызда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған арнайы 12 мектеп-интернат, 5 балабақша мен кеңес беру мекемелері және оңалту орталығы қызмет етеді.
— Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім жобасы негізінде облыста 2017-2018 оқу жылында 75 мыңға жуық студент білім алуда. Облыстық бюджет есебінен 91 мамандық және 160 біліктілік бойынша маман даярлануда. Аталған мемлекеттік бағдарлама аясында көп балалы отбасынан 3 мыңға жуық бала, 220 жетім бала және аз қамтылған отбасынан 8 мыңнан астам бала білім алуда, — деді Исатай Өмірзақұлы.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 4500-ден астам студент 26 жұмысшы мамандығы бойынша оқумен қамтылған.
Айта кету керек, білім басқармасы тарапынан облыстағы білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындау үшін арнайы комиссия құрылып отыр. Қазіргі таңда комиссиясының үш отырысы өтіп, оған жалпы саны 131 үміткер қатысыпты. Нәтижесінде барлық үміткердің 120-сы заң талаптарына сәйкес келеді деп танылса, комиссия шешімімен қалған 11 үміткердің біліктілік талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі