«Жаңа күн» бағдарламасының кезекті қонағы №11 шығыс жекпе-жек түрлерінен жаттықтырушы, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі самбо бөлімінің аға жаттықтырушысы Мәди Нәбиев:
— Көптеген спортшылар кәсіби спорттағы карьерасын аяқтағаннан кейін жаттықтырушылыққа кетіп қалады. Ал сіз екі жағын да алып жүрсіз. Жақында ғана Әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп келіпсіз. Шәкірт тәрбиелей жүріп жетістікке қалай жеттіңіз?
— Әлемдік аренада көк туды желбіретіп, әнұранды ойнату әрбір спортшының арманы. Бала тәрбиелеп жүріп жаттығу да оңай емес. Үнемі жаттығу залындамыз, өзім де айналысамын. 2002 жылдан бері жаттықтырумен айналысамын. Балаларға үлгі болсын деп өзім де жарысқа шығып тұрамын. Жарақатымыз бар кезде жарысты тоқтата тұруға тура келеді. Былтыр Хорватияда өткен Әлем чемпионатында екінші орын алдым самбо күресінен. Орыс балуанына есе жіберіп қойдым. Арада бір жыл өткеннен кейін тағы да оқу жаттығу жиындарына қатысып, Әлем чемпионатында бас жүлде иелендім. Көпшіліктің тілегі де болар. Төрт бес кездесуде айқын басымдықпен жеңдім.
— Жаттықтырушылыққа келгенге дейін де жетістіктерге жеткен боларсыз?
— Жарақатым болды, екі үш жыл күтіну керек болады. Дайындық үстіндеміз қазір.
— Кәсіби спортта жүрген кезіңізден көрі шәкірт тәрбиелеп жүрген кезіңізде жетістікке жетіп отырсыз. Шәкірттеріңіздің жетістігі сізге стимул беретін шығар?
— 2014 жылы шәкіртім Қуандық Шадияр Кипрде өткен әлемдік жарыста үшінші орын алған болатын. Биыл Ташкентте өткен Азия чемпионатында екінші орын алды. Қазан айында екеуміз қатар екі әлем чемпионатына аттандық. Ол Сербияда өткен Әлем чемпионатында қола алды. Ал мен Грекиядағы чемпионатқа аттандым. Осылайша қазан айында қос қуаныш орын алды.
— Шәкірттеріңізді жарысқа дайындау барысында психологиялық дайындығы қалай болады, ал өзіңіздің дайындығыңыз?
— Өзімдікі оңай сияқты, өзіңді бақылайсың. Ал бала үнемі қасыңда емес қой. Бақылай алмайсың, не ішіп, не істеп жүр деп алаң боласың.
— Шәкірттеріңіздің бет алысы, дайындықтары қалай?
— Деңгейлері жоғарылап келеді. Еркін күреседі. Дзюдо, самбо, қазақ күресін қатар алып жүрміз. Қатар дайындаймыз. Қазақтың балалары қарулы, күшті, мығым.
— Қазақ күресі бізге жақынырақ сынды. Неге самбоны таңдадыңыз?
— Жуырда өткен Төлеби ауданының «Алтын күз» мерекесінде бас жүлдеге түйе тіккен болатын. Қазақ күресінен 20 палуан қатысты. 120-130 келілік палуандар күш сынасты. Бұйырып тұр екен, түйе палуан атандым. Биылғы жыл табысты болды. 90 келі салмақта шығып жүрмін. Ал түйе палуандықта салмаққа қарамайды.