Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Сайрам ауданында саңырауқұлақ өсіретін «АгроГреен» ЖШС жұмысымен танысты. Жылына 200 тонна қозықұйрық өндіруге қауқарлы кәсіпорын жылыжай түрінде жасақталған.
Мұндағы құрал-жабдықтар Польша мен Голландия елдерінен сатып алынған. Биыл іске қосылған кәсіпорында 11 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Облыста саңырауқұлақ өсіруде ең алғашқы ір жоба болып табылатын ферманың жұмысымен танысқан аймақ басшысы кәсіпкердің жұмысына ризалығын білдірді.
— Бүгінгі таңда бұл өнім түрі Қазақстанға шетелден (Польшадан) жылына 280 тонна көлемінде импортталуда. «Agro Greens» ЖШС толық қуатымен жұмысқа қосылған жағдайда еліміздің ішкі нарығын толық қамтамасыз етіп, артылған өнімін шетелге экспорттауға мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда жобаны толық қуаттылыққа шығару үшін айналым қаражатқа 30 млн теңге көлемінде «Оңтүстік» АИО арқылы несие бөлініп отыр, — деді әкім.
Аймақ басшысы аталған жоба отандық «ноу-хау» тауар бола алатын және бәсекелі болу үшін пайдалануға болатын ерекше технологиямен жүзеге асырылып отырғанын атап өтті. Қазір серіктестік өз өнімін Қарағанды, Алматы, Шымкент қалаларына өткізуде. Кәсіпорын басшысы Феруза Каримованың айтуынша, жобаға бас-аяғы 572 млн 500 мың теңге жұмсалыпты.
Қозықұйрықтың А15 сұрпын өсіріп шығаратын ферма тұқымды Голландиядан әкеледі. Фермада көлемі 280 шаршы метр болатын 12 камера бар. Мұнда егілген қозықұйрық үш айда дайын болады. Яғни, шаруалар жылына 4 рет өнім жинай алады.
Мұнан соң облыс әкімі Ақсукент ауылында орналасқан «Бірлік -4» ЖШС-де жүргізіліп жатқан құрылыс барысымен танысты. Жалпы аумағы 5 гектарды құрайтын жобаның жалпы құны — 2016,7 млн теңге. Оның 350 млн теңгесін кәсіпкер «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында алған. Кәсіпорын 2018 жылдың шілде айында іске қосылады деп күтілуде. Жоба қуаттылығы 1,2 млн банкі көкөніс консервілеу және 40 мың тонна көкөніс сақтауға мүмкіндік береді. Кәсіпорын толық іске қосылғанда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Қазір мұнда консервілеу цехының құрылысы аяқталып, құрал-жабдықтарға тапсырыс беріліп қойған. Сондай-ақ, көкөніс сақтайтын 8 қойма салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда сыйымдылығы 5 мың тонналық 1 қойма іске қосылған. Басқа қоймалардың құрылысы аяқталып қалды. Барлық қойманың жалпы сыйымдылығы 40 мың тоннаны құрайды.
Жұмыстың барысымен қаныққан облыс әкімі аграрлы аймақ үшін мұндай қоймалардың аса қажет екенін атап өтті.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі