Шардарадағы үйлер жөнделуде

385
Шардарадағы үйлер жөнделуде

Шардарадағы көпқабатты үйлер жаңғырып, жаңа кейіпке енді. Көп жылдар бойы жөндеу көрмеген үйлер әрленіп, шағынауданға жан бітті. Күрмеуі шешілген мәселесін оңтайландырып алған ағайын жергілікті билікке және оларға арыз-шағым жеткізген «Отырар»телеарнасының тілшілеріне алғыс айтуда.

Шардарадағы шағынаудан тұрғындарының шағымын «Отырар» телеарнасы жарты жыл бұрын түсірген болатын. Тұрғындардың жан-айқайын ашып көрсеткен тілшілердің жанашырлығынан кейін әкімдік іске кіріскен еді. Содан бергі уақытта 8 көп қабатты үйдің шатыры ауыстырылып, қасбеті боялып, кәріз жүйесі жөнделген.

Анна Савченко, қала тұрғыны: «Шатырдан су ағатын. Қаншама жылдан бері айтып келетінбіз. Енді жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Терезе қойды, подъезді жөндеді. Адалынан істеп жатыр. Бүгінде шатырымыздан су ақпайды. Осындай жөндеу жұмыстарын жүргізгені үшін алғыс айтамыз!»

Жаңарту бағдарламасы бойынша жүргізілген жұмыстар үшін тұрғындар ай сайын 3 мың теңге төлейді. Төлем 10 жылға созылады. Бұған жұртшылық мойып отырған жоқ, десе де жергілікті билік көмектессе деген ұсыныстары бар. Ал жауаптылар көпшілікті КСК құруға үгіттеп жүр.

Бөгенбай Тұрғанбетұлы: Шардара қаласы әкімінің орынбасары: «Тұрғын үйлерді күрделі жөндеп жатырмыз. Алдымен 8 көпқабатты үй, одан кейін 9 үй жөнделді. Алдағы уақытта тағы да 11 үй жөндеуден өткізілмек. Жөндеу жұмыстарына бюджеттен 140 млн теңге бөлінген. Үйлердің басым бөлігі жекешелендірілген. Сондықтан тұрғындарға КСК құрыңыздар деген ұсыныс айтқанбыз. Алайда көбісі оған келісім бермеді немесе құлықсыздық танытады.»

Шардарадағы үйлер жөнделуде

Жаңарып, жаңғырып, жөнделген көпқабатты үйдің тұрғындарының тағы бір үміттері бар. Ендігі жерде табиғи газ жүргізіп не болмаса жылумен қамтамасыз етсе дейді. Олай дейтін де жөні бар. Өйткені үй тұрғындары пәтерлерін қатты отынмен және газ баллондарымен жылытып отыр. Оның қаншалықты қауіпті екені белгілі. Бұған әкімдіктің де жауабы дайын. Жақын арада газдандыру мәселесі шешімін табатын болады деп сендірді.

Гүлжан Көшерова