Шардарада балық өсіруші мамандығы оқытылуда

584
Шардарада балық өсіруші мамандығы оқытылуда

Шардара қаласындағы №16 колледж — облыстағы мақтаулы оқу орындарының бірі. Өңіріміздегі бұрын-соңды болмаған балық шаруашылығы мамандығы осында оқытылады. Сондай-ақ, мұнда былтыр 5 қабатты, барлық жағдайы жасалған жатақхана күрделі жөнделіп, шәкірттердің игілігіне тапсырылды. Студенттер білім алумен қатар тәжірибе арттыруда да алда келеді.

Шардарада балық өсіруші мамандығы оқытылуда

Биыл колледжге «Нәтижелі жұмыспен қамту — 2017-2021» бағдарламасы бойынша 150 студент оқуға қабылданған. Оқу бітіргенде олар жұмысшы және орта буын мамандығын алып шығады. Екі мамандық бойынша «Хамит» балық зауытында дуальды оқыту бойынша білім алуда. Аталған зауытта арнайы кабинет ашылған. Колледж басшылығы оқулықтармен, парта, құрал-жабдықтармен қамтыса, балық зауытының басшылығы бейнепроектормен жабдықтауға қол ұшын беріпті. Екі жақты меморандумның нәтижесінде практикадағы студенттер жұмыспен толық қамтылып отыр. Тәжірибеде жүргендерге қаржылай қолдау да көрсетуде.

Зәкірхан Талбидин, Шардара қаласындағы №16 колледждің директоры: «Колледждегі барлық мамандықтар бойынша 773 баланың қатысуымен «World Skills» жобасы бойынша жарыс өтіп жатыр. Ол үш деңгейде өткізілуде. Оның пайдасы оқушылардың практикалық білімі арта түседі. Оқу талабына сай маман дайындалады. Оқыту барысында мұғалімдердің де біліктілігі, білімі арта түседі. Оған дайындық көп ізденісті талап етеді.»

«World Skills» жобасы барысында студенттер алдымен теориялық сынақтардан өтсе, кейін деңгейі қиындау тапсырмаларды тәжірибе жүзінде орындайды. Студенттер бұл сынақтан сүрінбей өтетіндіктеріне бек сенімді. Бүгінде аталмыш оқу орнында жиһаз жасаушы, электрші, құрылысшы, дәнекерлеуші, балық шаруашылығы, аспаз, тігінші мамандықтары оқытылады. Әрі оқу бітірген түлектердің басым бөлігі жұмыспен қамтылады. Бәрі де заман талабына сай, сұранысқа ие мамандықтар.

Мүсілім Шахзат, студент: «Жиһаз жабдықтау мамандығының ІІІ курс студентімін. Колледжімізде үздіктер арасында байқау өтті. Сонда айна сөресін жасадық. Оған екі сағаттай уақыт кетті. Бұл мамандыққа тапсырыс өте көп. Алдағы мақсатым оқу бітірген соң жолдастарымды тартып, жиһаз жасайтын цех ашқым келеді.»

Аталмыш білім бесігінде тәлім алып жатқан студенттер бүгінде сұраныссыз мамандық иесі болғаннан көрі табысы жоғары орта буын мамандығын игеріп шыққанның дұрыстығын құп көреді. Сондықтан күні ертең жұмыссыз қалмайтындарына сенімдері кәміл.

Гүлжан Көшерова