Оңтүстікте жалпы аумағы 1573,5 мың гектарды құрайтын Шымкент агломерациясын дамытуға басымдық берілетін болады. Ондағы негізгі мақсат — қала аумағындағы елдімекендердің әлеуметтік, экономикалық, инфрақұрылымдық мәселелерін шешу. Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының орынбасары Бақтыбай Дүйсебеков мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, агломерация – экономикалық, мәдени және тұрмыстық жағынан бір-бірімен тығыз байланысты елдімекендердің шағын аумаққа шоғырлануы.
— Шымкент агломерациясына 9 қала, аудан аумақтары кіреді. Болжамға сәйкес 2020 жылға қарай қала агломерациясының халқы 10,3 пайызға артады деп күтілуде. Ал 2030 жылы агломерация халқының саны базалық кезеңге қарағанда 29,7 пайызға көбейеді, — деді Бақтыбай Елікұлы.
Сонымен қатар Шымкент агломерациясы аумағында 2020 жылдың соңына қарай мектепке дейінгі ұйымдарды 35 пайызға, ал білім беретін мектептердің санын 17 пайызға ұлғайту жоспарланған. Бұдан бөлек стационарлық көмек көрсететін ұйымдардың саны 2020 жылға қарай 11 пайызға көбейетін болады. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес жалдамалы тұрғын үй құрылысының көлемі де артпақ.
Әзірленген жобаға сәйкес халықтың көші-қон ағынын ұстап қалу үшін «контрмагниттер» деп аталатын ірі елдімекендер дамытылады. Ол үшін Шымкенттен оңтүстік бағытта — Сарыағаш, батыс бағытта — Арыс қаласы, ал шығыс бағытта Тұрар Рысқұлов ауылы таңдап алынған. Халықтың ішкі көші-қон орталықтарын дамыту мақсатында Шымкентке серіктес елдімекендер ретінде Леңгір қаласы, Ақсу, Қазығұрт, Бадам, Темірлан, Төрткүл, Шаян елдімекендері белгіленіп отыр.
Айта кетейік, жобада агломерация аумағында өмір сүруге қолайлы жағдай қамтамасыз етуге бағытталған инженерлік, көліктік, әлеуметтік, рекреациялық инфрақұрылымдарының кешенді дамыту шаралары қарастырылған.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі