Қазақстандағы нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында Шымкент, Түркістан мен Кентау қалаларының тұрғындарында 18 миллион теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік бар. Несиенің мерзімі 7 жылға дейін, ал жылдық мөлшерлемесі – 6%. Бұл қаржы нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағыты аясында ұсынылып отыр.
Бағдарлама жұмыссыздарға, өзін-өзі қамтыған азаматтарға, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен олардың мүшелеріне, сондай-ақ, бастауыш және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге арналған.
Бұл туралы Түркістан және Кентау қалаларында өткен көшпелі семинарда Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Жамалов мәлімдеді. Оның айтуынша, бағдарламаның мақсаты – шағын бизнесті дамыту үшін халыққа қаржы көзін ұсыну.
— Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына өңіріміздегі 3 қала – Шымкент, Түркістан және Кентау тұрғындары қатыса алады. Бағдарламаның екінші бағытын жүзеге асыру үшін 2,6 млрд теңге бөлінген. Бүгінгі таңда осы бағдарлама бойынша 6 қаржы институты жұмыс жасауда – Қазақстанның халық банкі, Нұрбанк, АТФ Банкі, Евразиялық банк, Forte Bank және «Ырыс» МҚҰ, — деді облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Жамалов.
Бұл тұста егер кепілдікке қойылатын мүлік жеткіліксіз болса, онда бастауыш кәсіпкерлерге кепілдендірілген кепілді қолдануға мүмкіндік бар.
— Әр несие рәсімдеу үшін кепілдік керек. Егер кепілдік жетіспесе, онда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы кепілдендірілген кепілді қолдануға болады. Бұл бағдарламаның басқаларынан ерекшелігі – жеңілдетілген несие беруде. Бұған қоса несие бұрын аз мөлшерде берілсе, қазір 18 миллион теңгеге дейін қарастырылған. Және бұған дейін кепіл мүлкіне қатысты қиындықтар туындаса, қазір кепілдендіру қарастырылып отыр, — деп атап өтті ОҚО кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Жұмашбеков.
Айта кетейік, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы Қазақстанда жыл басынан бері жүзеге асырылуда. Банктерге қаржы — қыркүйек айында, ал микро қаржы ұйымына өткен аптада бөлінді. Қазір ең бастысы – шағын бизнесті дамытуға бөлінген мемлекеттік қаржыға қол жеткізуді оңайлату.