Шымкентте пробация әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету орталығы ашылды

626
Шымкентте пробация әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету орталығы ашылды

Анарғали Жүсіпов, пробациялық есепте тұрған азамат: «Уақытты үнемдейміз. Жолға кететін ақшамыз да қалтамызда қалатын болды. Барлығының бір жерде орналасуы біз үшін үлкен көмек. Бала-шағаны асырау керек. Жазаны өтеп болған соң…»

Түзеу мекемесінен жазасын өтеп шығып, қоғамдық өмірмен қабысу үшін Анарғали Жүсіпов бүгінде қайта даярлаудан өтіп жатыр. Дәлірегі — автодәнекерлеуші болмақ. Екі қолға бір күрек табу үшін мамандық меңгеріп жатқандардың қатары аз емес дейді жауаптылар.

Тұрғын Мақсат, Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы: «Еңбекші ауданынан 10 азаматты, Абай ауданынан 15 азаматты оқуға жолдадық. Әл Фараби ауданынан да 15 адамды кәсіби оқуға жібердік. Үш айлық оқу оқығандарға 16 500 теңге стипендия тағайындалған.»

Бүгін ашылған орталықтың пробация қызметінде есепте тұрған азаматтардың қоғамға бейімделуіне септігі мол болмақ. Мұнда білім алуға сеп болып қана қоймай, медициналық, психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек де көрсетіледі. Сөйтіп қоғамдық өмірге қайта даяурлауға зор мүмкіндік.

— Басты мақсат — олар ертеңгі күні қайта қылмыс жасамауы керек. Оңалту, оқыту, бизнеспен айналысуға жағдай жасау, кәсіптерін дөңгелетуге сеп болу маңызды. Қоғамның бір мүшесі ретінде қалыпты өмірге етене араласып кетуі керек, — дейді облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров.

Уәкілетті орган өкілдерінің барлығы бір жерде көмек көрсететін орталық барлық қажетті жабдықтармен жарақталған. Жасақталған тұрақты топтар күнделікті қызмет ететін болады.

Ермек Әйтімов, ОҚО прокуратурасының басқарма басшысы: «Бұрын пробациялық есепте тұрғандар 10 күндеп әлеуметтік-құқықтық көмек соңында жүретін. Бүгінгі арнайы мамандар бір жерге шоғырлануының нәтижесінде 1 күннің ішінде күллі көмекке қол жеткізе алады.»

Осы тектес орталық Шардара ауданында биылғы 23 тамызда ашылған болатын. Орталықтың нәтижелі жұмысы қазірдің өзінде байқалады дейді құзырлы орган өкілдері. Айта кетейік, алдағы уақытта Түркістан және Ленгір қалаларында пробация әлеуметтік-құқықтық көмек бері орталықтары ашылатын болады.