Бұрын сотты болған мыңнан астам адамға көмек көрсетілді

435

Шымкентте пробация қызметі әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық арнайы есепте тұрған азаматтарға психологиялық көмектер көрсетіп, квота шегінде жұмысқа орналастыруға қолғабыс жасайды. Өзге де түрлі қызметтер ұсынатын мамандардың жұмысымен бүгін қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов танысып қайтты.

Жуырда ашылған жаңа орталыққа ат басын бұрған шаһар басшысы арнайы қызмет алатын азаматтарға жасалған жағдайларға қанықты. Мұнда қызметтердің барлығы да «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс жасайды. Қызмет алу уақыты 5-4 күннен 60-30 минутқа қысқартылып отыр.

Есенәлі Ниязбековтың Қаратау ауданы бойынша пробация есебінде тұрғанына жарты жылдан асып барады. Аңдамай жаза басқан кейіпкеріміз осыған дейін құжаттарды жинау үшін күннен-күнге кеңейіп бара жатқан шаһарды шыр айналатын. 6 ай ішінде әбден сабылған ол енді бар шаруасын осы орталықта тындырады.

Есенәлі Ниязбеков, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бұрын бізге қажетті қызметтерді көрсететін мамандар қаланың әр түкпірінде отыратын. Әр құжатты әр жерден алып жүргенде уақыт жоғалтатынбыз. Қазір барлық қызмет осында көрсетіледі. Қуаныштымыз».

Айта кетейік, жыл басынан бері пробация тіркеуінде тұрған 400-ден астам азаматтан жұмысқа орналасу бойынша өтінштер келіп түскен. Жұмыспен қамту орталығы мамандары осыған дейін 280 адамды түрлі жұмыспен қамту шараларына тартыпты.

Ержан Серікбаев, Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры: «Азаматтар тұрақты және қоғамдық жұмыстарға орналастырылды. Орталықтың негізгі мақсаттары мен міндеттері – қылмыстық жазаларын өтеген, пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарға психологиялық көмектер, медициналық көмектер, квота шегінде жұмысқа орналастыру. Балаларына оқу орындарына грантқа түсіру, мектептерде ыстық тамақпен қамту, жаз мезгілдерінде лагерьлерге жіберу, құқықтық көмектер, мекен-жайға тіркеу, жеке куәлігін алуға жәрдемдесу сияқты қызметтер көрсетіледі. Біліктілік шегінде қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсету, өз кәсібін ашуға жәрдемдесу, әлеуметттік бейімдеу орындарына орналасуға жәрдемдесу де біздің міндет.

Қылмыстық жазаларын өтеген, пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарға көрсетілетін қызметтер осылайша оңтайландырылып отыр. Олар енді ешқандай кедергісіз қажетті қызметтерге қол жеткізе алады.

Айта кетейік, жыл басынан бері пробация қызметінен жалпы 1134 қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жаза түрлеріне сотталған мыңнан аса тұлғаға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілді.

Мақпал Рысбаева