Шымкенттегі саз мектебінің басым бөлігі ғимарат жалдайды

853
Шымкенттегі саз мектептерінің басым бөлігі ғимарат жалдайды

Шымкент қаласындағы саз мектептерінің басым бөлігі жалдамалы ғимараттарда оқуға мәжбүр. Оған себеп — бұрынғы ғимараттары тозығы жетіп, апатты жағдайға түскен. Өткен жылы осы ескі ғимараттардың орнына жаңасын салу жоспарланған еді. Арада бір жыл өтті.

Шаймерденов көшесіндегі қирағалы тұрған бұл ғимарат — 1914 жылы қолданысқа берілген шаһардағы ең көне құрылыстардың бірі. Өткен жылға дейін мұнда 250 оқушы білім алды. № 1 саз мектебі 1942 жылы ашылған, 75 жылда мыңдаған шәкірт тәрбиеленіп, үлкен өнерге жол ашты.

Ескі ғимарат апатты күйге түскен соң оқушылар Адырбеков көшесіне жалдамалы ғимаратқа қоныс аударған. 800 шаршы метрлік ғимараттың әр шаршы метріне 1000 теңгеден ақы төлейтін ұжым енді сол ескі мектептің орнына жаңасы қашан салынады деп күтумен жүр.

Шымкенттегі саз мектептерінің басым бөлігі ғимарат жалдайды

Темірғалы Қуандықов: «Біз ғимарат іздегенде біздің оқушыларға ыңғайлы болсын дедік. Келіп-кетуі қиын, балалар қиналады және жалдамалы ғимараттың құнына да қарадық. Мектеп қаланың ортасында болса деген ой да болды.»

Өзгенің ғимаратын паналап жүрген таңы бір өнер ордасы — ол № 2 саз мектебі. Мыңға жуық өнерлі оқушы білім алатын бұл ғимарат 1958 жылы салынған екен. Содан бері әбден тозып, қабырғалары сөгіліпті. Содан Қалдаяқов көшесінде орналасқан бір ғимаратты жалға алған. Қалалық құрылыс бөлімі мамандарының айтуынша, бүгінде осы екі саз мектебіне жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр, алдағы жылдың жаз айында аяқталады. Әзірге Тәшенов және Бекет батыр көшелерінің қилысындағы саз мектебінің құжаты дайын. Алдағы жылы құрылыс жүргізу жоспары бар.

«Бұлар тек саз мектебі емес, өнер мектебі болады. Тәшенов көшесіндегі өнер мектебінің құжаттары дайын. Алдағы жылға қажет қаражатты сұраймыз, жеке серіктестік табылып жатса, құрылыс басталады.»

Міне, оыслайша кеш те болса шаһар басшылары өнерлі балғындарға жағдай жасамақ. Бірақ әзірге жоспар тек қағаз жүзінде. Әкімшілік-іскерлік орталықтағы өнер мектебінің құрылысы да әлі басталмады. Мектептен тыс мекемелердің барлығы мемлекет пен жекеменшік серіктестік арқылы іске асатын бағдарламалар болып саналады.

Нұрлан Күдерұлы