Шымкенттің көшелерінде ақылы тұрақтар көбейді

416
Шымкенттің көшелерінде ақылы тұрақтар көбейді

Шымкент көшелері ақылы автотұраққа айналған. Біздің редакцияға қоңырау шалып, шағымданған жерлестеріміз сол тұрақтардың заңдылығын анықтап беруді сұранады. Себебі қолдарында күмәнді құжаттары барлар мен ала таяқ ұстағандар жүргізушілердің қалтасын қағуда дейді тұрғындар.

Мысалы, диагностикалық орталық — әлеуметтік маңызы бар нысан. Оған шалғай ауылдан науқастар келеді, ал осында көлікті қойған үшін 100 теңге төлеуі керек.

Ахмет Байтұрсынов көшесінің бойын ақша табу көзіне айналдарғандардың қолдарында құжаттары бар. Бірақ ол бір жапырақ қағазды қалай алғаны күмән туғызады. Әу баста мемлекетік акті «Тұрғын үй — Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне рәсімделген және онда автотұрақтың ақылы болуы туралы жазылмаған. Кейін құжат бірнеше жеке кәсіпкердің атына ауыстырылып, келісім-шарт түзілген. Сол кезде ақылы деген жазу қосылыпты.

Шымкенттің көшелерінде ақылы тұрақтар көбейді

Дидар Зиябеков, «Тұрғын үй-Шымкент» ЖШС бөлім басшысы: «Біздің баланстағы тұрақтарды жеке азаматтарға мәжбүрлеп бергізді жоғарыдан. Қазір біздің баланста бірде-бір тұрақ жоқ.»

Шымкент қаласының көшелері тап осындай ақылы тұрақтарға толып кеткенін құқық қорғау органының қызметкерлері жақсы білетін болып шықты. Осы заңсыздықты жою туралы облыс, қала басшыларына, тіпті, облыс прокурорына дейін хат жазылған. Бірақ нәтиже жоқ.

Данабек Мырзабеков, ОҚО ІІД ӘПБ техникалық инеспекциясының бас маманы: «Жолдың бойында салынған, мемлекеттік қаржысына салынған автотұрақтың барлығы ақысыз болуы тиіс.»

Шымкенттің көшелерінде ақылы тұрақтар көбейді

Қазақстан Республикасының жер кодексіне сәйкес қоғамдық пайдалану орындарын ақылы автотұраққа айналдыру заңсыз дейді қала әкімдігінің заң бөлімінің басшысы. Енді жолдың бойын ақша табу көзіне айналдарған пысықайлардың әрекеті мен оларға құжатты рәсімдеп, келісім-шарт түзген «Тұрғын үй — Шымкент» ЖШС арқылы тексерілетін болады.

Осылайша, көшедегі ақылы тұрақтардың барлығы заңсыз екені белгілі болды. Жалпы, шаһар көшелерінде 80-нен астам автотұрақ бар екен. Тиісті мекеме басшылары сол тұрақтарды жабу үшін бір-біріне хат жазып жүргенде қолдарына таяқ ұстағандар жүргізушілерден көлігін қойғаны үшін ақы жинауды жалғастыруда.

Нұрлан Күдерұлы