«Сирек кездесетін аңдарды қаскесерлерден қорғайық»

975

«Ақбөкендерді аялайық». «Киікті кейінгі ұрпаққа сақтайық». Бұл ұстанымдар «Охотзоопром» өңірлік басқармасының ұранына айналған. Аталған мекеме бүгінде өңіріміздегі шалғай жатқан ауыл-аймақтарды аралап, оқушыларға, ауыл тұрғындарына «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарларды қорғау жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.

Үгіт-ағартушылық жұмыстарын мектеп оқушыларынан бастаған дұрыс-ақ. Айнала қоршаған ортаны қорғау, сирек кездесетін аңдарға қамқорлық танытуды бала жастан құлағына құйған абзал. «Охотзоопром» мекемесінің мамандары алдымен Арыс қаласындағы С.Адамбеков атындағы жалпы орта мектебіне ат басын тіреді. Осы аумақта Арыс және Қаратау қорықтары бар.

Бақтияр Жұмабайұлы, «Охотзоопром» өңірлік басқармасының ғылыми қызметкері: «Охотзоопром» мекемесінің Оңтүстікте Арыс және Қаратау қорықтары бар. Осы мектеп сол қорықшалардың іргесінде орналасқан. Сондықтан осы мектеп оқушыларына аңдарды қорғау, табиғат қорғауды құлақтаныдыру үшін осында арнайы келіп отырмыз. Жергілікті халыққа түсіндіру міндетіміз.»

Табиғат жанашырлары экологиялық сауаттылықты арттырып, әр қоғам мүшесі сирек кездесетін аң-құстарды қорғауда белсенділік таныту қажеттігін түсіндіріп өтті. Ал егер «Қызыл кітапқа» енгізілген аңдарды атып, сатып, мүйізін кесіп саудаға салған жағдайда заң басынан сипамайтынын, оның жазасы ауыр болатынын жеткізді. Осындай қылмыспен қолға түскен қаскесерлердің мүлкі тәркіленіп, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылатындығы жөнінде бейнеролик көрсетілді. Тұщымды дүние оқушыларға ой салғаны анық.

Гүланар Махамбеткерім, С.Адамбеков атындағы орта мектептің оқушысы: «Біздің мектеп осы мемлекеттік ұйыммен тығыз байланыста. Орманды, өсімдікті, жануарларды қорғау жөнінде іс-шараларды жыл сайын өткізіп отырамыз. «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарлар туралы толық білеміз. Елімізде жоғалып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктерді қорғау үшін құрылған бағдарламаның берері көп. Оған әр адам атсалысуы қажет».

Бұдан кейінгі жиын Шардара қаласындағы №16 колледж бен Б.Соқпақбаев атындағы жалпы орта мектебінде жалғасты. Оқушылар өздерін қызықтырған сауалдарына жауап алды. Экологиялық бағыттағы байқауларға қатысып жүрген оқушылар осы сарындас насихат жұмыстарының берері көп екендігін ортаға салды. Жалпы «Охотзоопром» мекемесі жыл басынан бері өңіріміздегі 29 мектепте үгіт-насихат жұмыстарын өткізген. Ұйықтататын баяндамалар мен есінететін жиындардан көрі оқушылардың қызығушылығын оятатын осындай ағартушылық бағыттағы кездесулердің берері көп.