Статистер: Оңтүстікте орташа жалақы 101 мың теңгеден асты

717
Статистер: Оңтүстікте орташа жалақы 101 мың теңгеден асты

Оңтүстік Қазақтан облысында ағымдағы жылдың көрсеткіші бойынша орташа жалақы мөлшері 101 117 теңгені құрады. Бұл былтырмен салыстырғанда 6,3 пайызға артық. Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық статистика департаментінің бастығы Айдар Әбілдабеков мәлім етті.

Биылғы ІІ тоқсанда халықтың бір айда жан басына шаққандағы орташа атаулы табысы 45 530 теңгені құрап, өткен жылға қарағанда 4,3 пайызға өскен. 

— 2017 жылдың ІІІ тоқсаны бойынша облыста іріктелген 3 393 үй шаруашылығы зерттелді. Нәтижесінде облыс бойынша жұмыссыздар саны 62,6 мың адамды құрап, 2016 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 600 адамға кеміген. Осылайша жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызды құрап отыр, — деді Айдар Ахметбекұлы.

Облыстық статистика департаментінің 10 айдағы мәліметі бойынша өңірде инфляцияның деңгейін сипаттайтын тұтыну бағаларының индексі 106,1% құраған. Бұл өз кезегінде өткен жылғы тиісті кезеңге қарағанда 0,7 пайызға төмен.

Бұдан бөлек облыста азық-түлік тауарларының бағалары мен тарифтері 4,3 пайызға, ал азық-түлік емес тауарлар 8,6 пайызға өскен. Халыққа көрсетілетін ақылы қызметтер 5,8 пайызға қымбаттаған.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі