«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы «Атамекен» кіші бағдарламасының менеджері Айгүл Рүстемова:
— «Туған жер» кіші бағдарламасы бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
— Облыс әкімінің өкімімен жобалық кеңсе құрылған болатын. Бұл жобалық кеңседе алты негізгі жобаның ішінде «Туған жер» жобасын жүргізуге басымдық берілген. Осы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 4 кіші бағдарлама жұмыс жасайды. Ол «Атамекен», «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны». «Атамекен» бағдарламасының негізгі мақсаты — өңірлердегі өзекті мәселелерді анықтау. Анықталған мәселелерді шешу үшін халықтық бастамаларды ынталандыру, өңірлік жобаларды қолдау. Оларды іске асыру үшін мемлекеттік органдарды, үкіметтік емес ұйымдарды, бизнес құрылым өкілдерін, еріктілерді тарту. Олардың кіші отанына деген жауапкершілік сезімін ұлғайту болып табылады. «Атамекен» кіші бағдарламасы екі негізгі базалық бағыт бойынша жұмыс істейді. Біріншісі әлеуметтік бастамалар картасы, екіншісі «Жомарт жүрек». Негізгі міндетіміз — қазақстандықтардың бойында туған жеріне деген жауапкершілік сезімін және әлеуметтік белсенділігін арттыру болып табылады. Әлеуметтік бастамалар картасы ең негізгі бағыт. Бұл бағытта азаматтардың бастамаларымен әрбір өңірдегі өзекті мәселе шешімін табады. «Жомарт жүрек» бағдарламасы бойынша осы іс шараларға белсене араласып отырған меценаттарымызды, демеушілерімізді марапаттап, олардың үздік тәжірибелерін тарату болып табылады. Бүгінде 10 жобаны жүзеге асырып жатырмыз.
— Ол қандай жобалар?
— 10 жобаның ішіндегі ең ірісі демеушілер тарапынан әлеуметтік қолдау жобасы. Яғни, меценаттар мен демеушілер тарапынан әрбір 15 аудан, қалаларда ірі жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда 529 жоба жоспарланған. Оның 96- сы аяқталып отыр. Осының арқасында демеушілерден қаржы тартып отырмыз. Оның жалпы құны 30,3 млрд. құрайды. Оның ішінде 785 милион теңгеге 96 жоба аяқталып отыр. Оның ішінде білім беру ұйымдарының жөндеу жұмыстары, құрылыс жұмыстары, стрик воркаут алаңшаларын салу, мұқтаж азаматтарға қайырымдылық шараларын көрсету, демеу жасау сынды игі шаралар жүзеге асырылуда. Әрбір азамат өзінің ауылына, өңіріне, ауданына демеушілік таныту арқылы өзінің сүйіспеншілігін артттырып, дәлелдей алады.
— Республикалық интерактивті платформа жөнінде айтып өтсеңіз…
— Платформаға облысымыздан 20 әлеуметтік жоба енгізілген. Платформаға демеушілер тарапынан қаржы бөлінген жағдайда сол нысандар платформаға енгізіледі. Қазығұрт ауданындағы Шарапхана ауылындағы жастар саябағы салынған болатын. Бүгінде пайдалануға берілді. Отырар ауданындағы Бестораңғыл ауылындағы «Алаш» этноауылы, Шымкент қаласында бой көтеріп жатқан 110 орындық арнаулы коррекциялық балабақша енген. 2018 жылдан бастап әр азамат платформаға өз жобасын ұсына алады.