«Жаһандану процесінің шаңында көміліп қалмас үшін…»

714

«Жаңа күн» бағдарламасының кезекті қонағы — облыс әкімдігі жанындағы «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі аймақтық жобалық кеңсесінің «Өлкетану»» базалық бағытының менеджері Төлебек Бектас.

— Рухани жаңғыру неден бастау алуы керек, осы жөнінде айтып өтсеңіз…

— Рухани жаңғырудың өзі қазақ халқының болмысында ежелден қалыптасып, көшпелі өмір салтымен бірге ұштасып келе жатыр. Оны төл тарихымыздан аңғаруымызға болады. Тамыры тереңде жатқан тарихымыздан біліп отырмыз. Дәл бүгінгі таңда жаңғыру болашаққа бағдар беріп отыр. Әрбір адамның өзінің бойындағы ізгі қасиеттерді дамытудан, ертеден келе жатқан қазақы тәрбиені жоғалтпаудан, патриоттық сезімдері арттырудан басталуы керек.

— Осы бағдарлама бойныша облыста арнайы кеңсе құрылған болатын. Соның құрылымымен, жұмысымен таныстырып өтсеңіз…

— Жобалық кеңсеге Бақытжан Айдарханұлы басшылық жасайды. «Туған жер» жобасы бойынша бірнеше кіші жобаларды жүзеге асырамыз. Әр кіші бағдарламаның өз әкімшілері бар. Оны іске асыруда кеңсемізде 30-ға жуық менеджерлер жұмыс істеп жатыр. Олар Астанадағы Президент әкімшілігі жанынан құрылған жобалық кеңсені үйлестіру орталығында өз біліктіліктерін жетілдіріп келген болатын.

— «Өлкетану» базалық бағытының негізгі міндеті не?

— «Өлкетану» бағытына басымдық берілген. Қазіргі таңда жаһандану процесі ешбір елдің есігін қақпай белең алуда. Жаһандану процесі бір жағынан жаңару, жаңа технологияларды дамытуда пайдалы болса, екінші жағынан кереғар тұсы адам болмысының азғындыққа ұрынуына себепші болуда. Тәуелсіз елімізде екі тұста жаңғыруды бастан өткерсек, енді бұл жолғы жаңғыру рухани аталып отыр. Жаһандану процесінде ғылыми технологияларды жетілдірсек, екінші жағынан азғындыққа ұрынып, жаһандану процесінің кереғар тұстарының шаңында көміліп қалмас үшін Елбасының көреген саясатының арқасында осындай бағдарлама қолға алынып отыр.