Жанжалдың соңы жер жастандырды. Ағайындар арасында балағаттаудан басталған дау соңына сот үкімімен нүкте қойылды. Адам өлтірген қылмыскер, 34 жастағы жігіт 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Қазығұрт ауданындағы қанды оқиғаға қатысты екеу — ағайынды көршілер. Қайғылы жағдайдан сәл бұрын ғана марқұмның жерінде сотталушы өз тракторымен жоңышқа жинаған. Өз бауырына өзімсініп өктем сөйлеген марқұмның ащы сөздері екеудің арасында дауға ұласыпты. Телефонмен тұтанған текетірес соңы Келес өзенінің көпірінде кездесуге созылады. Келе сала жұдырығын ала жүгірген жігіт ағасы көлігінен темір құрал алып, сотталушыны сабамақ болған. Қапелімде 34 жастағы Кәрімжан қолына қару алып үлгіріпті.
Айдың-күннің аманында қолын қанға малыған сотталушы бар кінәсін мойындап, құқық қорғау орындарына өзі барған. Өкінетінін айтып, ах ұрады. Дегенмен қылмыстың өтемі — заңмен көзделген жаза. Үкім де оқылды. Сөйтіп, ашумен ағайынын мерт қылған азаматқа 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Судья сот тергеуі барысында сотталушының өз кінәсін мойындағаны, бұрын сотты болмағаны ескерілгенін айтады. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Жанар Есенбекова