Үкіметтің селекторлық режимде өткен отырысында негізі үш мәселе қаралды. Соның бірі — су тасқыны қатерінің алдын алу. Осы мәселе жөнінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев баяндама жасап, өңірдегі су тасқыны қатерінің алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарды баянлап, бірқатар ұсыныстар жасады.
Өңір басшысының айтуынша, облыста су тасқынының алдын алу жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Қазіргі таңда су қоймалары мен өзен-көлдер қадағалауға алынып, ондағы жағдайға мониторниг жалғасуда. Дегенмен, облыста ең өзекті мәселенің бірі болып трансшекаралық Сырдария өзені мен осы өзеннің бойында орналасқан шекаралық көршілес мемлекеттердегі су қоймаларындағы су мөлшері алаңдатып отыр.
Қазіргі таңда берілген мәліметтер бойынша «Тоқтағұл» су қоймасында 19,5 миллиард текше метр су жиналып, 99 пайызға толып тұр. Ал «Қайрақұмның» жобалық көлемі 3 миллиард 800 млн текше метр болса, қазіргі жағдайда 86 пайызға яғни 3 милиард 281 млн текше метрге толған.
Бұл Шардара су қоймасына қауіп туғызады. Себебі, су қоймасынан суды төмен тастауға арналған гидротехникалық жүйелер жалпы секундына 2 мың 315 текше метрге дейін мүмкіншілігі бар. Осы мәселелерге байланысты облыс әкімі негізгі төрт ұсынысын жеткізді.
— Біріншіден, өткен жылдардың тәжірибесін ескере отырып Шардара су қоймасын кемінде 2018 жылдың қаңтар айына дейін транзиттік режимде ұстауды ұсынамын. Екіншіден, қауіп төнген жағдайда көршілес Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанмен келісім арқылы келген судың мөлшерін азайтуға және Арнасай ойпатына су тастау мәселесін үкімет деңгейінде шешу қажет. Үшіншіден, Шардара су қоймасынан жоспарлы түрде Қызылқұм ойпаңына секундына 2100 текше метр апатты су тастау құрылымын салуды қолға алу керек. Төртіншіден, қыста қауіпті жағдай төнгенде Шардара су қоймасынан Қызылорда облысына тасталған судың мөлшерін көбейтіп, реттеуді ұсынамын, — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Облыс әкімінің бұл ұсынысына үкімет басшысы ерекше мән беріп, орынбасарларына жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды. Жалпы қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында су тасқыны қаупі жоқ.
Айта кетейік, биыл облысымыздағы төтенше жағдайдың алдын алуға 1,3 млрд теңге қаралған. Бұл қаржыға облыстағы қорғаныс бөгеттері нығайтылып, 23,2 шақырым жаңа бөгет салынды.
Бұдан бөлек 25,6 шақырым өзен жағалаулары бекітіліп, 295,2 шақырым арық-канал мен 186 су өткізу құбыры тазаланған. Қазірдің өзінде өңірде 1167 адамы бар құрам жасақталып, 304 техникасы бар күш құрылдымдарымен келісім жасалған.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі