Шымкентте жылу маусымы басталғалы даурығып жатқан ешкім жоқ. Жылу берушілермен келісімге келіп, маусымға бірге дайындалғандар сапалы жылу алып отырғанын айтады. Десе де, тұрғындардың жауапсыздығынан жылу қосылмаған көп қабатты үйлер де бар. Жылу берушілер оларды келісім-шарт түзуге шақырады. Пәтердің 1 шаршы метріне 6 теңгеден төлесе, жүйеге ақылы қызмет көрсету міндетін мойнымызға аламыз дейді сервистік компания өкілдері.
Шымкенттегі Гагарин көшесіндегі №44 үйдің бір бөлігіндегі пәтерлерде жылу жоқ. Тұрғындардың бірі Феруза Нышанова балаларымен далаға шығып жылынуды әдетке айналдырған. Ал көршілері шақырған арнайы бригаданы тосып отыр. Жас ана мамандар жылудың неліктен пәтерлерге көтерілмеуін анықтап, жүйені реттейді деген сенімде.
Жылу маусымына алдын ала қамданған №44 үйдің қалған пәтерлеріне жылу барып тұр. Олар жылу жүйесін толық жаңалаған. Биыл жылу беру маусымы алдағы жылдармен салыстырғанда бірқалыпты дейді 1 Мамыр көшесінің тұрғыны Владимир қария. Жылудың мардымды болуы сығымдау жұмыстарына, қазандықтан келетін жылудың өлшеміне, үйдегі жылу жүйесінің жағдайына тікелей байланысты екенін 88 жастағы зейнеткер жақсы біледі. Электр және жылу саласында көп жылдар еңбек еткен тәжірибелі маман пәтердегі жылудың сапасын көтеру жөнінде жерлестеріне кеңесін де берді.
Владимир, қала тұрғыны: «Жылуды толық алу үшін адамдар жаздан қамдануы тиіс. Сығымдау жұмыстарын жүргізуді білікті мамандарға тапсырған жөн. Бұрын көпқабатты үйдегі жүйеге арнайы қоспа, сосын су жіберіп тазалап алатын. Сонда ауа да болмайды, келген жылу пәтерлердегі батареяларға бірқалыпты жетеді. Біздің үйлер ескі, жылу жүйелері әбден тозған. Егер жертөлесіндегі жүйеден бастап тірек пен пәтерлердегі батареялар жаңаланса, жылудың сапасы да артады. Өзім екі бөлмелі пәтерде тұрамын, батареяларды алмастырмағанмын, сондықтан жылу мардымсыз. Айып өзімнен.»
Қаладағы 1811 көп қабатты үйді және 200-ге тарта бюджеттік мекемеге жылу жеткізу міндеті «Қуат жылу орталығы-3» коммуналдық мекемесіне жүктелген. Жылу берушілердің мәліметіне сүйенсек, 800 көпқабатты үйдің тұрғындары жылу жүйесіне қызмет көрсету бойынша коммуналды мекемелермен келісім-шарт түзген. Қалған 1 мыңнан астам үйлердің жүйелері әзірге қараусыз. «Қуат жылу орталығы-3» мекемесінің басшылығы бұл үйлердің тұрғындарына сервистік қызмет көрсететінін хабарлайды. Ол ққылы — 1 шаршы метріне 6 теңге.
Тұтынушыларды сапалы жылумен қамту мақсатында жылуб ерушілер биыл жылдың соңына дейін ұзындығы 45 шақырым магистралды және орамішілік жылу жүйелерін жаңалауды қолға алған. Айта кететін жайт, арнамызға хабарласқан Бейбітшілік даңғылындағы ауладағы құбырларды оқшаулау жоспарға енгізіліпті. Ал егер жылуға қатысты шағымыңыз болса, 56-50-43, 56-5011 байланыс телефондары арқылы диспетчерлік қызметке жүгініңіз.