Күнгейде суретшілердің қатары артуы мүмкін

920

Күнгейде қылқалам шеберлерінің қатары артуы мүмкін. Себебі өңіріміздегі бейнелеу өнері мұражайы көпшілік үшін игі жобаны қолға алды. Егер сіз сурет салуға бейім болсаңыз немесе көркем кескіндемені меңгергіңіз келсе, құрал-жабдықтарды жасақтамай-ақ, кәсіби маманның көмегіне жүгіне аласыз. Өнерге таласы бар азаматтар мен оларға арналған жаңа бастама туралы  біз де біліп қайттық.

Индира Білісбекова — 31 жаста. Жоғары білімді. Меңгерген мамандығы ағылшын тілінің аудармашысы болғанымен, бүгінде жеке кәсібін ашып, дөңгелетіп жүр. Жасынан сурет салуды, бояу-бейнелеумен қиялына қанат бітіруді армандаған ару қазір де сол мақсатынан айныған жоқ. Саланың қыр-сырын үйреніп, сауатын арттыруға көшкен.

Индира Білісбекова

«Қазір абстракт яғни, дерексіз тұңғиық суретті салудамын. Мұнда менің көзіме іліккені, жандүниеме жақыны — жауқазын болды. Қызғалдақты бейнелеу үшін ашық, алқызыл түстерді таңдадым. Бұл — жүректің тыныштығы, көңілдегі бір ерекше қуанышты көрсететін сияқты. Ал суретті шебер салуды меңгеруге кіріскенім, мен өзімді дизайн саласында да сынап көрмекпін. Алдағы уақытта қаламызда үлкен киім дүкендерін ашып, сән әлемімен санасып, кәсібімнің аясын үлкейтуі көздеп отырмын», — дейді жерлесіміз Индира Білісбекова. 



 «Әуесқой суретшілермен кездесу» атты жоба биыл алғаш рет қолға алыныпты. Ұйымдастырушы — облыстық «Бейнелеу өнері» мұражайы. Мұндағы мамандардың айтуынша, тың бастама сурет салуға қызығушы жандар мен өзге де жастарды назардан тыс қалдырмайды. Керісінше, оларды қолдап-қуаттауға бағытталған. Мұнда көркем кескіндеме — қылқаламның құпиясын ашып, суреттің қыр-сырын меңгеру үшін кәсіби маманның көмегіне жүгіне аласыз. Арнайы дәріс сағаттарында кенеп-майлы бояу мен құрал-жабдықтары тегін ұсынылады.


Әзірге әуесқой суретшілер тобына 10 адам қабылданыпты. Олар оқу-жаттығу негізінде кәсіби сурет салуға бейімделеді. Әр дәріс 3 сағаттан кем болмауы тиіс. Қатысушыға сабақ соңында біліктілік сертификаты тапсырылады. Оған қоса,  бейнелеген туындысы сыйға тартылады. Айта өтейік, егер күнгейде осы жаңа жоба жалғасса, жыл соңына дейін қылқалам шеберлерінің қатары анағұрлым артатыны анық.