Суретші Ақмарал Байғараеваның «Құс жолы» көрмесі ашылды

948

Суретші саусағындағы сұлулық пен қаламындағы табиғат тылсымы. Шымкентте суретші Ақмарал Байғараеваның «Құс жолы» сурет көрмесі ашылды. Туған жерге махаббатын алуан бояумен бейнелеген Ақмаралдың сурет әлемі тамсандырарлықтай.

Қылқалам шеберінің суреттері туған жері Созақ ауданының тарихы мен табиғатын бейнелейді. Ол суреттерінде Табиғат-Ана мен Әйел-Ана бейнесін бір-бірімен қабыстырып, үндестірген. Көрмені тамашалағандар да ең алдымен осы үйлесімділікті бірден байқапты.

Ақнұр Ботабекова, «Қараңызшы, жапырақпен, таумен, таспен тіпті Созақ ауданының тарихын және Ақ бикеш мұнарасын да барлығын анамен байланыстырған. Мен бір ана ретінде мына туындылардан қатты әсер алдым».

Ақмарал Байғараева – суретші, ұстаз. Бұған дейін шәкірт тәрбиелеуге көп көңіл бөлген өнер иесінің алғашқы көрмесі. Ол табиғаттың адам сезінбейтін ғажайып сәттерін бейнелеуге тырысады. Тарихи тұлғаларды кескіндейді. Туындыларынан қазақ тарихының бет-бейнесін аңғартады.

Ақмарал Байғараева, суретші: «Сурет салу өнеріне кішкентайымнан әуеспін. Мен сурет салған сәтте демаламын. Бұл өнер менің жаныма тыныштық сыйлайды. Мұңайсам да, қуансам да мен тек осы бір ерекше өнермен өзімді шабыттандырып, өзіме күш-жігер сыйлаймын».

Көрме «Туған ел – туған жер» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Мұнда 60-тан астам туынды қойылған. Айта кетейік, «Құс жолы» көрмесі мамырдың соңына дейін көрермен назарына ұсынылады.

Жанерке Хумар