«Сал ауруына шалдыққан балалардың ата-аналарына қолдау керек». Қазақстанда алғаш рет қолға алынған «Кинестетикс» ғылымының қыр-сырын үйретуге келген шетелдік мамандар осылай дейді. Германиядан шақыртылған халықаралық тренерлер Норберт Фельдманн мен Лилия Кернер № 1 Облыстық балалар оңалту орталығында сал ауруына шалдыққан балалар мен олардың ата — аналарымен кездесті.
Германиялық ақ халаттылар мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуда үздік тәжірибелерімен үлгілі. Немістердің сал ауруын емдеу тәсілін күнгейлік дәрігерлер меңгеріп жатыр. Яғни, шетелде кеңінен танымал «Кинестетикс» ғылымы бойынша ілім алып, біліктіліктерін арттыруда. Бұл ғылым сал аруына шалдыққан науқастардың тірек қимылын қайта қалпына келтіруді реттеп, оңалту жұмыстарын жоғары сапада жүргізуге бағытталған.
Сал ауруына шалдыққан балаларды емдеу қажырлы еңбек пен біліктілікті талап етеді. Кәсіби мамандар өтіп жатқан шеберлік сабақтарды, практикада меңгеру заман талабы. Оны өңірлік дәрігерлер бар жоғы он күннің ішінде меңгеріп шығуы тиіс. Айта өтейік, кәсіби маманды даярлауға арналған оқыту жұмыстары алтыншы ақпанға дейін жалғасады. Қатысушылар шетелдік әдісті меңгеріп қана қоймай, халықаралық сертификатқа ие болады.
Лаура Нақыпқызы