Мақтааралдық оқушылар мұздай мектепте оқып жатыр

529
Тұңғыш Президент күні қарсаңында ордабасылықтар баспаналы болды

Оңтүстік Қазақстанда мыңнан астам бала оқитын мектеп жылусыз отыр. Бұрыннан сапасыз көмірден жылу болмай бүрсең қағып келген Мақтаарал ауданына қарасты Мырзакент мектебіндегі оқушылардың ата-аналары арыздана берген соң биыл білім ошағына газ құбыры жүргізіліп, тіпті қысқы каникул кезінде арнайы газ пешін орнатуы керек болған. Алайда білім бөлімі алдырған газ қондырғысы мектепке сай келмей, кезекті тоқсанды бастаған оқушылар соның салдарынан сыныптарда қысқы киімдерімен отыр.

Онсыз да тозығы жеткен Мырзакент ауылындағы мектептің оқушылары қыс келсе тіпті азапқа түседі. Үш қабатты ғимараттың бірінші деңгейіне 10 градустан асар аспас жылу келсе, екінші және үшінші қабаттағыларға жылу мүлдем жетіспейді. Жаны ашыған мұғалімдер мектеп этикетін былай қойып дірдектеген оқушыларға қалың киімдерге оранып отыруға рұқсат берген. Сонда да ұстаздар мен шәкірттердің арасында суықтап қалып, сабаққа келмейтіндер көп.

Әу бастан көмір жағып жылынатын бұл мектепте соңғы бірнеше жылда көмір де көмектеспейтін болған. Мырзакент мектебі қаңтар айынан бастап газбен жылынуы керек болған. Ол үшін арнайы газ құбыры тартылып, тіпті арнайы пеште алдырылған екен. Бірақ, аттай қалап алдырылған газ құрылғысының қуаттылығы тапсырыстағы қуаттылықтан әлдеқайда төмен болып шыққан. Салдарынан оқушылар мен мектеп ұжымы бүрсең қағуға мәжбүр.

Апта басынан бері ғимаратты жылытуы керек қымбат қондырғы енді мектеп жанында әшейін тұр. Ал, 1250 бала оқитын білім ошағын билік әбден тозығы жеткен жылыту қазандықтарымен жылыта тұру қажет деген шешім шығарған. Бірақ, көмір пайдаланылатын бұл пештер мектепті жылытпақ түгілі жануды да қойған. Себебі мемлекеттен бөлінген көмір тым нашар.

Жаңабай Қазыбеков, жылу беру компаниясының өкілі: «Басқа амал жоқ қой. Жылда үкіметтің берген көмірін жағып жатырмыз. Ол сапасыз сапасыз емес, сол әкелген нәрсені жағамыз. Қабылдаймыз. Бірақ, сапасыз екенін түсінесіз ғой?».

Бірақ шенеуніктер өздеріне шаң жуытпайды. Көмір жаман емес, тек сақтайтын қоймасы нашар болған соң, ол жылу маусымына дейін сапасын жоғалтады дейді. Ал мектепке сай емес газ қондырғысының әкелінгенін өздерінен көрмей, бар кінәні жеткізуші компанияға артты.

Серік Төребеков, Мақтаарал аудандық білім бөлімінің басшысы: «Қазандықтар әкелгенде ол модульді қазандық. Мердігерлер сотқа шағым түсірді. Қазір Шымкентте сот боп жатыр. Ал бірақ ол котелды ертең әкетіп, орнына 700-дік қазандық әкеледі. Ол дер кезінде уақытылы орнатылады».

Басшыға сенсек келесі дүйсенбіден бастап Мырзакент мектебі газбен жылынып, оқушылар мен ұстаздар кәдімгі мектеп формасымен жүре алады. Шенеуніктер биылдан қалдырмай аудандық білім ошақтарындағы жылу мәселесін шешіп тастаймыз деп уәдені үйіп төгеді. Тіпті, қаржы да аяусыз бөлініп жатыр екен. Қарапайым мұғалімдер мен оқушылар болса басшысының антына тағы сенді. Әйтпесе, қатты суық ұрған кездері мақтааралдық кей мектептерде сабақ уақыты 40 минуттан 30 минутқа дейін қысқарып та жатыр.