Әлеуметтік салықтан кімдер босатылады?

1405

Жыл басынан жаңартылған «Салық кодексі» күшіне енді. Жаңа заңда өзгеріс көп. ОҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген  кодексті түсіндіру бойынша семинар-кеңес өткізді. Кодекстегі өзгерістердің бір парасы – ойын бизнесімен айналысуға, алкоголь өнімдерін сақтау мен сатуға лицензиясы бар кәсіпкерлерге қатысты болып отыр.

Кәсіпкерлер ойын бизнесі саласында, алкоголь өнімін сақтау және көтерме, бөлшек саудада өткізу қызметімен айналысуға рұқсат беретін лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемақыны бұған дейін – жылына бір рет, яғни 20 шілдеге дейін төлейтін (ойын бизнесі бойынша – 20 қаңтарға дейін).

Енді Кодекстегі  558 бапқа сәйкес, өзінің тұрған жері бойынша жылына төрт рет төлейді. Яғни, сол жылдың 25 наурызынан, 25 маусымынан, 25 қыркүйегінен және 25 желтоқсанынан кешіктірмей, тең үлеспен төлеуге міндетті. ОҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Мейрамбек Көкеновтың айтуынша, кәсіпкер тек лицензияны пайдаланған уақытына ғана төлем жасайды екен.

 

Әлеуметтік салықтан босатылады
Кодекстегі және бір елеулі өзгеріс – патент құнына қатысты болды. Дәлірегі, Салық кодексінің 686 бабында патент құнын есептеу шартына өзгерістер енгізілді. Яғни, патент құнынан әлеуметтік салық алып тасталынды. Енді патент құнына тек жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдердің төлеуге жататын сомалары кіреді. Сондай-ақ, патент құнына кіретін жеке табыс салығын бұрын салық объектісінің табысының 2 пайызына тең болса, жаңартылған заңнамаға сәйкес, 1 пайыз мөлшеріне төмендеді.

«Салық кодексінің 485 бабына сәйкес, әлеуметтік салықтың мөлшерлемесі 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 9,5 пайыз  мөлшерлемесі бойынша есептеледі. Ал жеке кәсiпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар, өзi үшiн – айлық есептiк көрсеткiштің 2 еселенген мөлшерінде және әрбiр жұмысшы үшiн айлық есептiк көрсеткiштің 1 еселенген мөлшерiнде есептейд. Сонымен қатар, бұрын кәсіпкерлер жұмыс атқарғанына қарамастан әлеуметтік салық төлеуге міндеттелген болса, бүгінгі таңда егер ол кісілер табыс таппаған жағдайда әлеуметтік салық төлеуге міндеттелмейді. Патент негізінде жұмыс істейтін арнаулық салық режиміндегі кәсіпкерлер, салық режимін бірыңғай жасаумен айналысатын шаруа қожалықтары, мүгедектер жұмыс істейтін арнайы ұйымдар әлеуметтік салықтан толық босатылады»

Мүлік салығын қашан төлейді?
Елімізде төртінші деңгейлі бюджет енгізілгені белгілі. Соған байланысты енді азаматтар жер салықтарын жергілікті елдімекені бойынша төлейді.

«Бұрын 104-302 бойынша жеке тұлғалар, ал 104-309 бойынша  жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бөлек төлейтін. Биылғы төртінші деңгейге көшуіне байланысты, жеке тұлғалар да, жеке кәсіпкерлер де, заңды тұлғалар да елдімекені бойынша 104-304-ке сәйкес төлейді» ,-дейді Мейрамбек Көкенов.

 

 

 

Бұған қоса жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімі ұзартылды. Өткен 2017 жылдың салығын, биыл, 2018 жылдың 1 қазанына дейін төлеу міндеттеледі.
Айта кетер және бір жайт – Салық кодексінің 493 бабында, көлік құралдары ұрланып, уәкілетті органдар салық органдарына қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде мәліметті берген жағдайда, көлік құралын іздестіру кезеңінде салық төлеуден босатылады. Бұл ретте мұндай салықты есептеу қылмыстық іс қозғалған күннен бастап тоқтатылады. Ал, көлік құралдары табылған жағдайда, қылмыстық істі тоқтату мәліметі келген күннен бастап салықты есептеу қайта басталады.