Аты шулы көлік жүргізушінің шағымы апелляциялық алқада қаралды

475

Шымкенттегі «Жедел жәрдем» қызметі басшысының бұрынғы көлік жүргізушісі Әлішер Тұрсынқұловтың апелляциялық шағымы облыстық сотта қаралды. Бірінші сатыдағы сот үкімі ішінара өзгертілді.

Тұрсынқұловтың дүние мүлкі тәркіленбейтін болды. Сондай-ақ, медициналық мекемелерде жүргізуші қызметін атқару құқығынан өмір бойына емес, тек бес жылға айырылды. Бірақ сегіз жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім өзгеріссіз қалдырылды. Әлішер Тұрсынқұловқа ҚР ҚК-нің 284 бабы арқылы 367 баптың 3-ші бөлігі 3-ші тармағымен, 190 баптың 3-ші бөлігі 1,3-ші тармақтарымен айып тағылған.

Зухра Тұрсынқұлова, сотталушының әйелі: «Мен сот шешіміне разы емеспін. Өйткені жәбірленушілердің өздері параны беруге күйеуімнің азғырмағанын айтып тұр. Сот оған да қараған жоқ. Ауру анасы бар. Төрт кәмелетке толмаған баласы бар. Сот оған да қарамады.»

Отбасын жалғыз асыраушысы темір торға тоғытылып бара жатқандығына күйінген төрт баланың анасы осылай дейді. «Жаза тым ауыр кесілді»,- деп есептейді. «Мен өзім енем мен балаларыма қарап үйде отырамын. Біздің жалғыз асыраушымыз еді. Сегіз жыл кім қарайды?! Сегіз жыл кім асырайды?! Сол 190-шы бапты қалдырса, қанағаттанар едік. Басқа екі баппен нақақтан нақақ жала жауып отыр», -дейді сотталушының ашынған жұбайы.

Бірақ заң алдында барлығы жауапты. «Бастапқы үкім, яғни, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы өзгеріссіз қалдырылды дейді»,- судьялар.

Бүркіт Байдуллаев, ОҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы: «2018 жылдың 6 ақпан күні ОҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасында 2017 жыл 27 желтоқсанында Еңбекші аудандық сотының Тұрсынқұлов Әлішер Розметұлына қатысты  үкімі өзгертілді. Қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлкін тәркілеу жөніндегі қосымша жазаны тағайындау бөлігі алынып тасталды».

Сотталушының туыстары мұнымен тоқтамақ емес. ҚР Жоғарғы сотына шағымданамыз деп бекініп отыр.

Жанар Есенбекова