Бүгін Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 29 жыл толды. Жауабы жоқ соғысқа қатысқан жаны жаралы жандар арамызда жүр. «Ауған қасіреті» жайлы олардың айтары көп. Қаламыздағы Абай саябағында жыл сайын дәстүрлі түрде еске алу шарасы өтеді. Биыл да солай болды.

Бұл соғысқа қатысқан қазақстандық 18 мың сарбаздың 3 мыңы мүгедек болып қалған. Ауған жерінде 924-і қаза тауып, соғыс даласынан 1051- і арбаға таңылып оралды. Ауған соғысы ардагерлерін үкімет ұмыт қалдырса да, олар ешкімді ұмытқан емес. Соғыс ардагерлеріне ТЕҢЕСТІРІЛГЕНДЕР өздеріне арнайы мәртебе беруін талай рет мәселе етіп көтергенімен, әзірге құлақ асқан жан жоқ.

Тәуелсіз қазақ елінің тарихында бағасын ала қоймаған ауған соғысын ардагерлер «жауапсыз майдан» деп атайды. Өмірбай Өскенбаев үшін бүгінгі күннің орны бөлек. Соғыстың жаңғырығы жанына мәңгі жара сап кеткендей. Дұшпанның басына бермес бұл нәубеттен уақыт өте келе Өмірбай Өскенбаев инсультке шалдықты. Денсаулығының дімкәстігіне қарамастан қаза болғандарға құрмет көрсетуді борышы санайды.

Өмірбай Өскенбаев, ауған соғысының ардагері: «Мұндай соғысты ешкімнің басына ешқашан бермесін. Достарыңды жоғалтасың. Әлі күнге сол күндердің жаңғырығы санамда. Партия бұйрығымен жіберілсек те, Отан қорғадық деп есептейміз. Отан қорғау – ер парызы! Біз солай тәрбиелендік».

1979 жылдың мамыр айында басталған сұм соғыста 22 мыңнан астам қандасымыз қан кешті. 21-і із түзсіз жоғалып кетті. Өрімдей жас жігіттердің мыңнан астамының мүмкіндігі шектеулі. Ауған соғысы ардагерлеріне қатысты әлеуметтік мәселелер шаш етектен. Түйіні шешілмеген проблемаларын талай көтерді. Ай сайын оларға мемлекет 14 мың теңге жәрдемақы береді. Айтуға ұяласың… Бірақ, ардагерлер алақан жаюдан аулақ. Жауынгерлік намыс берік.

Қорғаныс күштері ардагері Серікбай Оңбаев ауған соғысы ардагерлерін еске алуға немересін ерте келіпті. Бала кезден олардың бойына патриоттық сезімнің отын жағу керек деп есептейді. Бүгінгі бала – ертең елін қорғар ер азамат!

Абай саябағындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойған сарбаздар қаруластарына тағзым етіп, бақилық болған боздақтарды еске алды. Шараға жастар да қатысты. Өкініштісі, кейбірі не үшін келгенін білмейді. Кейбірі керісінше, ардагерлер ерлігін еске алып, көздеріне жас алды. Елге оралған 18 мың жауынгердің жүрегіндегі соғыс салған сызатты кетіру мүмкін емес. Өрімдей ұландардың жастығын ұрлап, жандарын жаралағаны рас. Ал ерлікті ұлықтау, насихаттап, құрмет көрсету бүгінгінің парызы.