«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы Шымкент қалалық білім бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Абылаев:
— Бала асырап алу қалай жүзеге асырылады?
— «Неке және отбасы» кодексінің 118 бабына сәйкес ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар аңықталған жағдайда, бірінші баланың заңды өкілін анықтау мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіледі. Ол жұмыстар білім бөлімі мен балалардың құқығын қорғау мекемесіне жүктеледі. «Неке және ортбасы» кодексінің талаптарына сәйкес баланың мәртебесіне байланысты баланың жақын туыстары болса қорғаншылыққа беріледі. Алайда туыстары жоқ балалар да көп қой. Ондай жағдайда бала міндетті түрде жасына қарай бөбектер үйіне немесе балалар үйіне орналастырылады. Бала асырап алуға үміткер азаматтар баламен танысып, 15 күн қарым-қатынас жасап, оны қорғаншылық, патронаттық тәрбие, түпкілікті асырап алуына мүмкіншілік жеткілікті.
— Ол үшін қандай құжаттар қажет?
— Білім және ғылым министрлігінің №198 бұйрығымен құжаттар тізбесі бекітілген. Онда жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, денсаулық жағдайы, жұмысы туралы, жұмысынан мінездеме, табысы туралы анықтама, баспанасының құжатының көшірмесі қажет. Осы құжаттарға қарап тексере келе, жауапты мекемелер бұл кісінің бала асырап алуға мүмкіндігі жеткілікті ме, соны анықтап қорытынды береді. Осы қорытындының нәтижесінде балалардың құқығын қорғау комитетінің балалардың деректер базасында үміткерлікке тіркеледі. Осыған тіркелген азамат электронды цифрлық қолтаңбасымен базаға кіріп Қазақстан бойынша өзіне қажетті жасына, ұлтына қарап таңдау жасауына мүмкіндігі бар.
— Үйінде бірнеше баласы бар ерлі-зайыптылар тағы да бала асырап алуға мүмкіндігі бар ма?
— Бала асырап алғысы келсе ең бірінші қажеттілік жағдайы анықталады. Ондай кісілер тиісті мекемелерге келіп мәлімет алады. Мысалы, кейбір азаматтар кілең қыз болса ұл бала алғысы келеді, осындай қажеттілік туындап жатса қажетті құжаттар жинақтатқызып, отбасы жағдайын анықтаймыз. Барлық талапқа сай келсе толыққанды бала асырап алуына ешқандай шектеу қойылмайды.