Күнгейде «Әр ұлттың бренді» атты көрме өтті

590

Оңтүстікте облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Әр ұлттың бренді» тақырыбында жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды.

Көрме барысында кәсіпкерлікпен айналысып жүрген түрлі этнос өкілдері өздері өндіріп жатқан тауарларды жұртшылық назарына ұсынып, бизнестегі тәжірибелерімен бөлісті. Кәсіп ашу негіздеріне әсіресе жұмыссыз азаматтар мен студенттер қауымының қызығушылығы жоғары болды.

Іс-шараның ашылуында сөз алған ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары М.Қалмұратов өңірдегі этномәдени бірлестіктер мәдени шарлар өткізумен ғана шектелмей, аймақтың экономикалық әлеуетін арттыруға зор үлес қосып келе жатқанын айтты.

Бұған дейін облыстық ассамблеяның ұйымдастыруымен этнос өкілдері жинақы тұратын Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылындағы мал бордақылау алаңының базасында, облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Сарыағаш ауданындағы жылыжай кешендерінде семинар-тренингтер өткізілді. Облыстық ассамблея диалог алаңын ашып, өңірдегі қаржы институттары мен кәсіпкерлікті қолдау ұйымдары өкілдерінің көпшілікпен кездесулерін ұйымдастырды.

ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы алдағы уақытта мұндай іс-шараларды тұрақты өткізбек.