«Қазығұрт» брендімен кір сабын өндіріле бастады

55
Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында кәсіпкерлік  саласы қарқынды дамып келеді. Ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы аудан болғандықтан мұнда дәл осы салада нәпақа тауып жүрген кәсіпкерлер көп. Одан бөлек тыңнан түрен салып, жаңаша идеяларды жүзеге асырып жүргендер де баршылық.
Солардың бірі Қазығұрт ауданының аумағындағы Қызылқия ауылдық округінің тұрғыны – Айдос Сарыбай. Жаңашыл кәсіпкер мемлекеттік бағдарламамен 1 миллион 300 мың теңге қайтарымсыз грант алып, кір сабын өндіретін жеке кәсібін ашқан.
Әрине кез-келген кәсіпті қолға алмас бұрын оны зерттеп, зерделеп, білім жетілдіру қажеттігі белгілі. Ол жағынан кәсіпкеріміз қамшы салдырмайды.
Ол өз кәсібін бастау үшін Тараз қаласында сабынды өндірудің әдісін үйреніп, арнайы құрылғы сатып алған. Өндірістің басталғанына көп уақыт болмаса да өнімге деген сұраныс күн сайын артып келеді. Кәсіпкердің айтуынша, тәулігіне 1 мың данаға жуық кір сабын дайындалады. Қазіргі таңда 250 граммдық сабынның бір данасын 150 теңгеден саудалап отыр.
Бүгінде заманауи технологиялар өмірімізге дендеп енгенімен ескі әдістер де қатар жүрері айқын. Кір жуғыш машина көптеп шығарылғанымен кір сабын өндірісі тоқтап қалған жоқ. Қайта сұраныс күннен күнге арта түсуде. Сондықтан да дәл осы салада табыс табу қиын емес. Оны кәсіпкердің өзі де растап отыр. Кір сабын өндірудің қыр-сырын меңгергеннен бөлек, оны саудаға шығарып сату да бөлек дүние. Бұл жағынан алғанда нарықта сұраныс артып отырғаны кір сабын өндірісінің келешегі бар бизнес екендігін көрсетеді.
Айта кетсек, ауданда кәсіпкерлікті дамыту бойынша ұлттық жоба аясында 2023 жылы жалпы 50 адам қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашқан. Одан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен ауданда 73 жобаға 365 млн. теңге несие берілген.