Күнгейліктер таяуда пәкістандық өнімдерді тұтынуы мүмкін

447

Күнгейліктер жуырда манго мен құрғақ картопты көптеп тұтынуы мүмкін. Себебі бүгін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстандағы Елшісімен кездесті.Басқосуда екі ел арасындағы экономикалық байланыс пен өзара әріптестік механизмдері талқыланып, жаңа жоспарлар түзілді. Шетелдік инвесторлардың қомақты қаржыны құюы, одан түсер пайдасы — тиімді жобалардың жүзеге асу жолы да сөз болды. Жиында өз кезегінде мәртебелі мейман Абдул Салик Хан іс-сапарының мақсаты — жеке ұсынысын білдірді.

Абдул Салик Хан (суретте, сол жақта) Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі: «Екі ел — бүгінде сауда-саттық жолында өзара мәмілеге келген. Сондықтан мен алдағы күндері картоп, мандарин және манго өнімдерін Оңтүстікке көптеп жеткізгім келеді. Бұл бастамаға өзім кіріссем деймін. Ауқымды жобаға Сіз де, мен де үлкен жауапкершілік танытып, қос тараптан арнайы осы жұмысты құнттайтын маман бекітсек жақсы болар еді. Сондай-ақ, бізге Ауғанстан арқылы емес, Пәкістаннан Шымкентке тікелей рейс керек. Осы ұсынысымды қабыл алып, жүзеге асырсаңыз нұр үстіне-нұр болатынына сенімдімін!».

Осы және өзге де сауда-саттық пен кәсіпкерлік саласына қатысты жобаларға құлақ қойған өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы сөз соңында, ұсыныстарды мақұлдап, келісім-құжатқа қол қойды. Қос мемлекет арасындағы ауызбіршілікті арттыру үшін құрмет-сый таралғыларын тапсыруды да ұмытқан жоқ. Айта өтетін ақпарат, Қазақстан мен Пәкістан Ислам республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас осыдан 26 жыл бұрын басталған. Ал 2017 жылы екі ел арасындағы сауда айналым 54,5 миллион АҚШ долларын құрапты.