Облыс әкімі Қошқарата өзені жағалауындағы абаттандыру жұмыстарымен танысты

448

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Қошқарата өзеніндегі демалыс орнында болып, жағалау аумағын абаттандыруға ұсынылған жобалармен танысты. Кездесуге жиналған ағайын жаңашылдықтар қашан жүзеге асатынын білмекке келген. Өйткені баспаналары сүріледі ме деген сауал мазалағалы жылдардың жүзі болды.

Өңір басшысы Қошқарата өзені аумағын замануи тұрғыда көріктендіру аясында атқарылатын жұмыс барысымен танысты. Облыстың бас сәулетшісі жобаларға жеке-жеке тоқталды.

Бұл жобалардың таныстырылымы қарашаға да пайдасын тигізері хақ. Өйткені маңайдағы ағайын талай жылдан бері, осы жұмыстың басталуын күтіп келеді. Бірінің үйі сүріледі, енді бірінің ауласы мемлекет меншігіне алынады. Бұл хабарды естігелі маза қашқанын жасырмайды. Бұл жолы өңір басшысынан жұмыстың қашан басталатынын нақтылап алды.

Тұрғындар бүгінде көшпелі көңіл күйде отырғандарын жасырмайды. Баспаналарына жөндеу жүргізуді жоспарлап отырғандар не істерін білмей дал болуда. Өзен бойындағы демалыс аумағы жақсарып келе жатқанын, үйлері соның келбетіне көлеңке түсіріп тұрғаны да жасырмайды. Өтемақы жайы да толғандырып жүргенін айтып отыр.

 

 

Ия, Қошқарата өзені жағалауындағы салынып кеткен үйлер қаланың келбетін құртып тұрғаныны рас. Осыны ескерген сала мамандары мұнда көпқабатты үйлердің құрылысын бастамақ ниетте.

Демалыс аумағын көріктендіру бастамасы бүгін көтеріліп отырған мәселе емес. Оны осыған дейін де бірнеше әкім бастап, жобалық-сметалық құжаттарын қомақты қаржыға әзірлеген де болатын. Тұрғындар «жаңашылдыққа қарсы емеспіз, бірақ біздің де мүддеміз ескерілсе…» деген өтініштерін жеткізіп тарқасты.

Шынар Оразова