Күнгейде Науаи атындағы саябақ ашылады

515
Мұхаммед Әли

Күнгейде жуырда тағы бір саябақ ашылады. Мәдени нысанға түркі халықтарының ұлы ақыны Науаидың аты берілмек. Бұл жөнінде бүгін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Өзбекстан Республикасынан келген делегация өкілдерімен өткен кездесуде мәлімдеді.

Елбасымыздың игі бастамасымен 2018 жыл көршілес мемлекеттің құрметіне бекітілгелі бері қолға алынған осы және өзге де жобалар осы жиында айтылды.

Көршілес Өзбекстаннан келген арнайы делегация өкілдері алдымен өнер және мәдени мекемелерге бұрылып, күнгейдің тыныс-тіршілігімен танысты. Өңірдің бас кітапханасы «Отырар»-ға келіп, түркі халықтарының тың туындыларын түгендеді.

Ала шапанды ағайынның аманатын арқалай келген көршілерді облыс әкімі қуана қарсы алды. Өзбекстандық зиялы қауым өкілдерімен өткен кездесуде екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік, іскерлік қарым-қатынас, мәдени ықпалдастық орнату жәйі кеңінен қаузалды. Жиында өз кезегінде мәртебелі мейман – Өзбекстан Республикасы Жазушылар одағының төрағасы Мұхаммед Әли іс-сапардың мақсаты — жеке ұсынысын білдірді.

Мұхаммед Әли, Өзбекстан Республикасы Жазушылар одағының төрағасы: «2018 жыл Өзбекстан халқы үшін тарихи дата! Бұған дейін ешбір мемлекет бізді дәл осылай құрметке бөлеген жоқ. Сондықтан түбі бір түркі елі ретінде айтар алғысымыз шексіз! Осы жылды пайдалана отырып, екі ел арасындағы мәдени және әдеби жобаларды жүзеге асырсақ деймін! Мәселен, мен М.Әуезов жазған «Абай жолы» роман-эпопеясының өзбек тіліндегі баламасын 4-сыныпта жүргенде-ақ оқып, тауыстым. Сол сияқты ұлы тұлға, қаламгерлердің құнды-қазына кітаптарын өзара аударып, оқырмандарға қолжетімді етсек нұр үстіне-нұр болар еді. Және биылдан бастап бізде 10-шы тамыз – Ұлы Абайдың туған күнін атап өту ресми түрде бекітілгенін қуана хабарлаймын».

Осы және өзге де жаңалықтар, ұсыныс -жобаларға құлақ қойған өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы өз сөзінде тағы бір тың ақпаратты марқая мәлімдеді. Айтуынша, жуырда күнгейде ауқымды саябақ ашылады. Мәдени нысанға Түркі халықтарының ұлы ақыны Әлішер Науаидың аты берілмек. Сондай-ақ, бүгінде татулықты ту еткен, меймандос өлке – Оңтүстікте өзбек ұлтының мәдениеті мен өнері, тілінің дамуы үшін бар жағдайдың жасалғанын да жасырған жоқ.

Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі: «Облыстағы 15 мектепте өзбек тілінде білім берілсе, сондай-ақ, аралас тілді 50 мектепте өзбек кластары бар. Сонымен қатар, республикамыздағы жалғыз өзбек драма театры да осы өңірде орналасқан. Жалпы, облыс аумағында 4 газет өзбек тілінде жарық көрсе, 3 телеарна қазақ – орыс – өзбек тілдерінде хабар таратады. Облыс аумағында Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктерінің «Достық» қауымдастығы мен облыстық өзбек этномәдени бірлестігі және оның аудандық, қалалық 13 филиалы жұмыс істейді. Жуырда ғана Қазақстан мен Өзбекстан арасында көлік-транзит саласындағы ынтымақтастық жанданып, арнайы жүрдек пойыз жолға шықты, жаңа әуе жолы мен автобус бағыттары да іске қосылған болатын».

Сөз соңында, қос мемлекет арасындағы ауызбіршілікті арттыру үшін өзара құрмет-сый таралғыларын тапсыруды да ұмытқан жоқ. Айта өтетін ақпарат, соңғы 1,5 жылдың ішінде Қазақстан мен Өзбекстан арасында достық байланыстар бекіп, жаңа деңгейге көтерілген. Бүгіннің өзінде теміржол тасымалы 44 пайызға артып, тауар айналымы 2 миллиард долларға жетіпті. Және  Өзбекстан Оңтүстік Қазақстан облысының сауда әріптесі болып табылады. Екі жақты тауар айналымы 20 пайыздан асқан.  2017 жылы сауда байланысы 11,7 пайызға артып, 622,6 млн АҚШ долларын құраған. Ал бүгінде облыстағы 3 миллионға жуық тұрғынның 17 пайызы – өзбек этносының өкілдері.