Кеңес Одағының батыры атындағы көше көлік тұрағына айналған

569

Қала басшысының халық алдында соңғы есепті жиыны өткені баршаға мәлім. Назарларыңызға ұсынылған төмендегі мәселе әкімдікте міндетті түрде талқыланып, шара көріледі деген үміттеміз. Қаланың белсенді тұрғындары Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова көшесіне көңіл бөлуді биліктен сұранады. Бейбіт өмір сыйлаған ержүрек қызымызға лайықты құрмет көрсетілуі тиіс деп есептейді олар.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда дүниеге келген шымкенттік Екатерина Алексеевна бейбіт өмірдің қандай бағамен келгенін жақсы біледі. Жас кезінде зейнеткер Әлия Молдағұлова көшесінде тұрған. Ә: Жанкелдин көшесіне қоныс аударса да. Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова атымен аталған көшесін ұмыта алмайды. Жиі барып, ондағы ретсіздікті көріп қынжылады.

 

 

 

 

 

 

Екатерина Вельницкая, қала тұрғыны: «Көше бойындағы мына темір үстелдерді көрдіңіздер. Аялдамадан бастап базардың төңірегіндегі ретсіз сауда, көлік тұрағына айналған. Қала әкімдігі көшелерде тәртіп орнатады ма, жоқ па? Қаршадай батыр қыздың есімімен аталған көшені көріктендіріп, тазалықта ұстауға болмайды ма? Бізге бейбіт өмір сыйлаған Әлиядай қызымызға көрсеткен құрметіміз бе?».

Ә. Молдағұлова көшесін көріктендіру үшін білек сыбана кіріскендердің қатары көп. Зейнеткерлердің бұл бастамасын қолдайтындар биліктен көмек сұрайды.

Антонина Высочина, Ә.Молдағұлова көшесінің тұрғыны: «Мына қоқыс жәшіктерін жабылған алаңшаға орнатуға болмас па еді? Көшеміздің көркін бұзып тұр. Көшенің бойында құрылыс жүргізілсе, қалпына келтірмей тастап кетеді. Оны жөндеу қолымыздан келсе жасап та қоятын едік. Алайда тазалықты сақтағаннан басқа амалымыз жоқ. Әлия Молдағұлова сияқты батыр қыздарымыз көп пе?»

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы «Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың ескерткішінің күтімін өз мойнымызға алғанбыз, көшедегі бейберектсіздікті ретке келтіреміз», – деп сендірді.

Нұрлан Бектұрсынов, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы: «Қалада 8 саябақ пен 37 гүлзар бар.Олардың күтімі «Жасыл қала» және де ТҮКШ бөліміне жүктелген. Ал Әлия Молдағұлова ескерткіші орнатылған көше және сол төңіректегі аумақта тазалық сақтау бойынша жұмыс атқарамыз».

Басшылардың бұл жолғы уәдесі қалалықтардың көңіліне қуаныш сыйлады. Бірақ, нәтижесі қандай болатыны белгісіз. Сондықтан да көріктендіру жұмысын жіті қадағалайтындарын жеткізді. Тыл еңбеккері өзіне алған міндетті, аяқтамай қоймайтынын айтады. Өйткені батыр қыздың атауы берілген көше мұнтаздай таза болуы керек дегенді ұстанады.

Шынар Оразова