Мектептің ата-аналарға қол жаюы азайған

562

Қалалық білім бөлімі тұрғындармен кездесіп, биылға жоспарлаған жұмыстарымен бөлісті. Бұл жиынды есептен гөрі, сұрақ-жауап сағаты десек, дұрыс секілді. Екі тараптың да көңілінен шықты. Цифрлары көп құрғақ жиналыстан бұл форматтағы басқосудың нәтижелі болатынына шымкенттіктер де қуанды.

Оған ата-аналар комитеттерінің өкілдері де келді. Арасында Шымкентке Ордабасы, Төлеби, Сайрам аудандарынан қосылған елдімекендер мектептерінің ата-аналары да көп болды.

Кездесуге келгендердің басым бөлігі осыдан екі жыл бұрын Шымкент қаласының құрамына кірген Төлеби, Сайрам, Ордабасы аудандарының тұрғындары. Қалаға кірді деген аты болмаса, мектептегі проблема сол баяғыша қалған. Оқушылар үш ауысымда білім алып, қатынас қиындай түскен.
Тоғыс елді мекеніндегі мектеп 1972 жылы салынған, бүгінде оқушылардың саны 1772-ге жетіпті. Бірнеше жылдан бері жаңа мектеп салып беруге уәде берілгенімен, орындалмаған жәйі бар.

Бұл мәселемен білім бөлімінің басшысы таныс болып шықты. Айтуынша, Тоғыс елді мекеніндегі білім ошағын кеңейту қолға алынған. Бюджеттен қаражат бөлінсе, алдағы оқу жылында балалар жаңа мектепте оқитын болады.

Құрсай елді мекенінің тұрғындары да мектеп тапшылығын айтты. Бұл елді мекенге 2013 жылы 900 орындық жаңа мектеп салынған, бірақ бүгінде оқушылардың саны 2000- ға жетіпті. Ауыл тұрғындары бұрынғы ескі мектептің орнына жаңа мектеп салуды сұранды.

Күн санап хылықтың саны артып келеді. Бұрын Сайрам ауданының құрамында болғанда тұрғын саны аз болатын. Мектепке келетін балалардың саны көп, ескі мектеп бос тұр. Соны бұзып орнына жаңа мектеп салу керек.

Білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, осы шағынауданда жаңа мектептің құрылысы басталған. Нысан пайдалануға берілсе, №49 мектептің оқушыларының бір бөлігі сонда ауыстырылады. Мәселе өз шешімін табады. Мектептің ата-аналарға қол жаюы азайған, дегенмен кездесіп жатады екен. «Білім мекемелерінің қажеттігі үшін бюджеттен 265 млн теңге қаражат бөлінген, сол себепті ата-аналардан қаражат жинау заңға қайшы», – деді Жанат Арысбекқызы. Егер ата- ана өз еркімен көмек қолын созатын болса, онда ол ата-аналар қоры арқылы іске асырылуы тиіс .

Нұрлан Күдерұлы