«Оңтүстіктің дара тұлғалары» жобасы Мархабат Байғұтпен кездесуден басталды

1081

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңіріміздегі барлық мекемелер жаңа жоба бастап жатқаны белгілі. Бұл үрдістен А. Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы да қалыс қалған жоқ. Кітапхана ұжымы «Оңтүстіктің дара тұлғалары» атты жобасын елімізге белгілі  жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұтпен кездесуден бастады. 

«Байғұттың болмысын бағамдау» атты сырласу кешіне жазушының үзеңгілес достарымен қоса шығармашылығымен етене таныс оқырмандары жиналған. Республика көлемінде және шетелдерде шығармалары ықыласпен оқылатын жазушы жайлы құрдастары естелік айтып, адами болмысына да етене тоқталды. Сондай-ақ қарымды қаламгердің табиғатындағы жаңа қырларын келушілерге таныстырды.

Құлбек Ергөбек, жазушы: «Мархабат Байғұт еліміздегі санаулы жазушылардың бірі. Өткір тілді. Шығармаларының барлығы адамға ой салады. Осындай жазушымен кездесу кітапханада өтіп жатыр екен. Жаңа жобаның бастамасы да осы кісімен кездесуден бастау алыпты. Бұл үшін мен өте қуаныштымын. Бір ұрпақты ғана емес қаншама ұрпақты тәрбиелейтін осы кітапхана. Сондықтан осындай киелі орында белгілі азаматтармен кездесу ұйымдастыру ол — жастарды рухани биіктету болмақ».

Кездесу барысында Мархабат Байғұттың шығармашылығы сараланды. Келушілердің арасында жазушының жаңа туындыларын асыға күтетіндер де келген. Олардың басым бөлігі осы кітапхананың тұрақты оқырмандары.

Раушан Бабажанова, А. Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары:  «Бұл жобаның мақсаты — өңірімізден шыққан ақын, жазушылармен қоса ұлы тұлғалардың әлемін ашу болмақ. Біз кітапханамыздан әрқайсысына бұрыш аштық. Сондай-ақ, Елбасының «Туған жер» бағдарламасы бойынша өлкемізден шыққан ірі тұлғаларымыздың шығармашылықтарын, ғылыми зерттеулерін жинақтап, оқырманға насихаттау және өнеге ету болмақ. Біздің кітапханамыздың әдебиетке, мәдениетке жаны жақын тұрақты оқырмандарымыз көп. Біз осындай кездесулерді ұйымдастыру арқылы солардың шабыттарының шыңдалуына әсер етсек дейміз. Сондай-ақ оқармандарымыздан басқа да кездесулерге келушілер көп. Жыл аяғына дейін ірі тұлғаларымыздың мерейтойына арналған іс-шаралар көп жоспарланып отыр. Міне, осылайша ұлттық рухымызды мәңгі бойымызда сақтау жолында жұмыс жасап жатырмыз».

Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар жазушымен кездесу мәнді де мағыналы өтті. Жастар жағы үлкендердің әңгімесін ынтамен тыңдап, көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Келушілердің арасында мәдени кештің басты кейіпкеріне арнап ән салғандар да болды. Айта кетейік, Оңтүстіктің дара тұлғаларымен кездесу жыл соңына дейін жалғасын табады.

Мархабат Байғұт, жазушы: «Біз ең алдымен өзіміз жаңғыруымыз керек. Бізді ешкім жаңғыртпайды. Осыны түсінейік. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына әр адам бірінші өзі жаңғыру арқылы үлес қосуы керек. Ұлттық жаңғырудың алтын арнасы, алтын арқауы ол тарих пен әдебиет.  Сондықтан жастар тарихымызға, әдебиетімізге жақын болса қандай жақсы. Ал мен бүгінгі кешті ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды айтамын».