Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу аясында жобалар жоспарға сай жүргізілуде

208

Шымкентте Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу бойынша жұмыстар жоспарға сай жүргізілуде.

Жауаптылардың айтуынша, аталған мерекені кең көлемде қамту мақсатында 109 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары әзірленген.

Бірінші жартыжылдықта қалада іс-шаралар жоспарының 63 тармағы аясында 162 іс-шара өткізіліпті. Оның ішінде негізгі ауқымды жобалар «Шымқала» этноауыл мен «Қамал» тарихи-мәдени кешенінің ашылуы, «Шымкент жастар лигасы» жобасының ұйымдастырылуы және 10 күн бойы ерекше аталып өткен Наурыз мерекесі. Сонымен қатар, екінші жартыжылдыққа жоспарланған жобалар да белгілі болды.

Бексұлтан Әділханов, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары:
«Екінші жартыжылдықта Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу бойынша бекітілген жоспар аясында барлық іс-шаралар санитарлық жағдайға сәйкес өткізілуі жоспарлануда, оның ішінде ауқымды жобаларды айтып өтсем. Қыркүйек айының бірінші жексенбісі «Отбасы күнін» мерекелеу аясында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жеңімпаздарының слеті өтеді. Одан бөлек қыркүйек айында жаңадан салынған 4 мектеп және бір кітапхана пайдалануға беріледі. Қараша айында 7 жаңа өндіріс орындарының ашылуы және 300 қала тұрғынын тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда. Бұдан бөлек қазан-желтоқсан айларында тұрғындарды үймен қамтамасыз ету мақсатында 2432 пәтер беру жоспарлануда».

Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында үшінші мегаполисте 45 қайырымдылық акция өткен. Осы тұрғыда халық арасында сауалнама жүргізіліпті. Нәтижесінде Шымкент тұрғындарының 75,8 пайызы қайырымдылыққа оң көзбен қарайтыны белгілі болған көрінеді.

Зәуре Оралбаева, «Рухани жаңғыру» бөлімінің меңгерушісі: «Бүгінгі таңда осы Рамазан айынан басталған «Ізгілікте жарысайық» деген үлкен акция нәтижесінде 1000-нан астам отбасы, 75 мыңдай тұрғынға жан-жақты қолдау көрсетті, көмек берді. Азық-түлік болсын, өздеріне қажетті бұйымдар немесе ақшалай жан-жақты қолдау көрсеткенін атап өту керек. Сонымен бірге жыл басында Риддер қаласында төтенше жағдай орын алды. Сол Лесхоз кентінің тұрғындарына гуманитарлық жүк тиелген 1 емес, 7-8 көлік 30 тоннаға жуық жүкті шымкенттік жастар ресурстық орталығының жастары апарып, жеткізіп берді».

Олжас Айдарбек