Екі қолға бір күрек таппай жүрсеңіз, полицей болуға мүмкіндігіңіз бар. Ішкі істер органдары бос жұмыс орындарын ұсынады. Астана қаласының Күзет полициясы отыз бес жастан аспаған азаматтарды жұмысқа қабылдайды.
Кадр қызметкерлері Сабыржан Андасбектің психологиялық дайындығын байқау үшін оны әңгімелесуге шақырды. «Полиция қатарында қызмет ету менің бала кездегі арманым»,- дейді ол. Әскери борышын Ұлан гвардиясында өтеп келген жерлесіміздің енді тәртіп сақшыларының қатарын толтыруға мүмкіндігі бар.
Астана қаласының Күзет полициясы ішкі істер органдарына 18-35 жас аралығындағы дене бітімі мығым, орта және орта арнаулы, жоғары білімі бар азаматтарды жұмысқа шақырады. Полиция қызметіне қабылданатын үміткерлерге қойылатын басты талап — денсаулығында еш кінарат болмауы. Әскерде болуы да шарт емес дейді кадр қызметкерлері. Айтуларынша үміткерлер Конституция, Әдеп кодексі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы Заңы бойынша сынақ тапсырып, әскери-дәрігерлерік комисиясынан өтуі тиіс.
Осы талаптардың үдесінен шыққан азаматтар Астана қаласындағы стратегиялық маңызы бар нысандарды күзетуге жұмысқа алынады. Полицейлер жаздық, қыстық арнайы киімдермен тегін қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, жұмыс орнына оларды апару, әкелу мемлекет тарапынан тегін қамсыздандырылады деп уәдені үйіп-төкті жергілікті азаматтарды жұмысқа тарту арқылы кадр тапшылығын жою үшін арнайы келген басқарма өкілдері.