Б. Момышұлы атындағы оқу орталығы білім берудің жаңа форматын жүзеге асырды

1001

Полиция қатары жаңа құраммен толықпақ. ҚР Ішкі істер Министрлігіне қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығы кезекті тыңдаушыларды қабылдады. Тек Шымкент емес, Қазақстанның әр өңірінен жасақталған тыңдаушылар даярлық курстарынан білім берудің жаңа форматымен өтеді. «Ішкі істер органдарындарын модернизациялау жол картасына» сай, оқу мерзімі – 90 күн.

«Жасым 28-де. Заңгер мамандығы бойынша жоғары білім алғанмын. Алматы облысы полиция департаментіне жұмысқа қабылданып, енді арнайы жолдамамен оқуға келдім. Бүгін екінші күн. Енді өз мамандығымыз бойынша құқықтық сауатымызды арттырып жатырмыз. Әрине, қоғамның тынышы үшін қызмет ету мақсатында қазір әр сабаққа үлкен жауапкершілікпен қарап, берілген тапсырмаларды мұқият орындаудамыз. Алдағы мақсатым – оқу орталығын абыройымен тәмамдап, алған білімімді қызметімде қолданысқа енгізу», – дейді тыңдаушы Әсел Кәдиева. Күзет қызметі мен полиция департаментінде қызметін жалғастыратын қыз-жігіттер оқу орталығында адам құқығы, жалпы құқықтық даярлық, кәсіби және психологиялық  дайындықтан бөлек арнайы техника, криминалистика негіздері, жауынгерлік күрес әдістерін үйренеді. Кәсіби даярлық пәні – негізгі пән болғанымен, сапта жүру, қару-жарақты оқтау, ату, шашып-жинау сияқты арнайы сабақтары да бар. Тыңдаушылардың спорттық дайындығы да назарға алынған.

Ғазиз Қонысбеков, арнайы пәндер циклының оқытушысы: «Тыңдаушылардың тікелей қызметіне байланысты әкімшілік полиция және жергілікті полиция қызметтері бойынша тақырыптық жоспарға сай, сабақ өтеміз. Онда тәртіп сақшыларының күн сайынғы жұмысынан бастап, әрбір қадамына да жіті тоқталып, қызметін толыққанды түсіндіреміз. Яғни, Ішкі істер Министрлігі бекіткен 16 тақырып бойынша 84 сағат берілген».Орталықта тыңдаушылар жатақханамен, ас-ауқатпен қамтамасыз етілген. Бұған дейін сержанттар – 3 ай, лейтенант шеніндегілер – 2 ай оқыса, енді барлық оқу курстарының мерзімі – 90 күн деп бектіліпті. Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған «Ішкі істертер органдарын модернизациялау жол картасы» осылайша жүзеге асырыла бастады.

Қанатбек Тілеубердиев

Қанатбек Тілеубердиев, ІІМ Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының бастығы, полиция полковнигі: «Жан-жақтылық, шапшаңдық, жинақылық, салқын қандылық секілді қабылеттерді жетілдіру мақсатында халықпен жұмыс істеудің заманауи форматтарын үйреніп жатыр. Туристік полиция құрылымы, сервистік жүйе арқылы жұмыс жасау, заманауи технологияларды қызмет барысында пайдалану жұмыстары оқу процесіне енген. Тыңдаушылар тек оқу орталығының қабырғасында ғана емес, МКҚ құрылымдарының құқық қорғау органдарымен және құқықтық тәртіпті қорғау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдармен өзара бірлесе отырып, шығыс сабақтарын өтуде. Мұндағы алғашқы мақсат – полицияның ашық болғанын қамтамасыз ету және тұрғындармен жұмыс жасаудың жаңа форматы, яғни фронт-кеңселерде жұмыс істеу үшін қабылеттіліктерін арттыру. Сондай-ақ, халыққа қызмет етуге тиісті болашақ құқық қорғау қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құқық бұзушылықтар профилактикасы, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күрес және оның алдын алу шаралары, қылмыстық жазалар және әкімшілік жазалауды орындау, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтық қорғанысты ұйымдастыру секілді міндеттерін меңгереді».Айта өтетін ақпарат, бұл – оқу орталығының биылдыққа қабылдаған үшінші лек тыңдаушылары. Жаңа форматтағы оқу курстарынан 298 адам қабылданған. Ал Қазақстан полициясының қатарын толықтыратын олар желтоқсан айының ортасынан бастап қызметке кіріседі.

Мөлдір Бекеева