Президент оркестрі Оңтүстік халқына өнер көрсетті

648

 

Ұлттың ұстыны — ұлттық музыкасы. Астанадан ат арытып келген Президент оркестрі Түркістан сарайын қазақ ұлттық музыкасының ғажайып әуеніне бөледі. Осылайша Оңтүстіктің өнерсүйер қауымына ұлттық өнерімізді ұлықтайтын концерт берді.


Залдағы көрермен домбыра күмбірімен толғанып, домбыра үнімен ойланды. Өнер ұжымы жиналған қауымды сары дала сазымен тебірентті. Жан-жүрегі екі ішек, сегіз пернеге байланған өнерпаздар ұлы күйдің құдіретін паш етті.


107 адамнан құралған Президент оркестрі Оңтүстік көрермендеріне жиырма шақты шығарма орындап берді. Олардың жүйрік саусағынан төгілген әрбір күй мың бұралған бишілердің әсем қимылымен әрленді. Көрермендер есімі елге белгілі әншілердің әуезді әнін тыңдап, құлақ құрышын қандырды.

Жанна Сандыбаев, Президент оркестрінің солисі: «Оңтүстік халқы өнерді өте жоғары бағалайды ғой. Сол үшін біз қобалжып келдік. Әсіресе өз басымда қобалжу басым болды. Бізді қалай қабылдар екен, немен таңғалдырамыз деп ойландық. Бірақ көрермен бізді өте жылы әрі өте ыстық қабылдады. Біз соған қуаныштымыз. Алғысымыз шексіз».


Бұл өнер ұжымы 1992 жылы Республикалық ұланның жанынан құрылған. Ширек ғасырдан астам тарихы бар оркестрдің концерттік бағдарламасын тамашалаған көрермен ерекше әсерге бөленді. Өнерпаздарға алғыстарын жаудырып, шығармашылық табыс тіледі.

Әділхан Балауса, көрермен: «Өте керемет кеш болды. Әншілері де, бишілері де мықты екен. Костюмдері қандай күшті, көздің жауын алады. Әсіресе Досымжан Таңатаровты көргеніме қуаныштымын. Халық оның қоңыр дауысын сағынып қалыпты. Ерекше қошеметке бөледі. Күйшілердің өнеріне тіпті айтып жеткізе алмаймын. Өнер ұжымына айтар алғысым шексіз».

Шығармашылық топтың репертуары фольклорлық музыкадан бастап классикалық, академиялық, сондай-ақ, бүкіләлемдік музыка жанрларындағы туындылардан тұрады. Мемлекеттік деңгейдегі салтанатты іс-шараларда өнер көрсетеді. 2003 жылдан бастап көпшілікке өзінің шығармашылық кештерін ұйымдастырып келеді.