«Жасанды науқас» ащы шындықтың бетін ашты

680

Сау адамды жынды еткен. Сөйте отырып, мемлекет қазынасынан қаржы жымқырған. Облыстық өзбек драма театры халық қаржысына қол салудың небір тәсілін меңгерген әккі қызметкерлердің арсыз әрекетін сахналады. Бұл қойылымды театр көрермендері жарты жыл тағатсыздана күткен болатын.

Рустам Сайтходжаев 6 айдан бері сахнаға енді шығыпты. Өйткені әртіске комедия жанры жақын. Театрдың шеберін көрермені сағынып-ақ қалыпты. Сахнаға шыққан сәтінен-ақ оған қошемет көрсетіп, ыстық ықыласын білдіргендер көп болды.

Рустам Сайтходжаев, облыстық өзбек драма театрының әртісі: «Бұл маған бұйырған алғашқы басты рөл емес. Дегенмен қойылым барысында қиналған кездерім болды. Мен дәрігердің рөлін ойнайтындықтан, спектакль барысында дені сау адамға ақыл есі кем адамның әрекеттерін үйрететін жерлері бар. Біз мысалы ондай адамдарды күнделікті көшеден көріп жүргеніміз жоқ. Сол үшін ол адамдардың әрекеті нақты қалай болатынын біле бермейміз. Осы тұста мен біраз қиналдым. Көп іздендім. Әлеуметтік желіде осы жанрда түсірілген фильмдерді, видеоларды қарадым. Әрі 6 ай бойына сахнаға шықпадым. Сол жағы да біраз әсер етті. Дегенмен тынбай дайындықтың арқасында және бірге ойнайтын әртістердің көмегімен жақсы нәтиже шығардық деп ойлаймын».

Бұл қарақалпақ драматургы Сайлаубай Жұмағұловтың «Жасанды науқас» пъесасы. Қойылым халықты күлдіре отырып, ащы шындықтың бетін ашады. Комедия желісінде жемқорлыққа барып, ақырында басына келген қауіптен құтылу үшін не істерін білмей дал болған дәрігерлердің әрекеті баяндалады. Ақша десе арын ұмытатын ақ халаттылар ақыр соңында жындыханаға жататын өтірік науқас іздейді. Тапқан адамына, тіпті, жынды болудың жолдарын да өздері көрсетеді.

Қойылымды тамашалауға келгендер көп болды. Залға сыймай қайтып кеткендері қаншама. Негізі, жылдың басын комедия жанрындағы спектакльмен ашу көрерменнің өз қалауы болыпты.

Жавлон Сайтов, қойылым режиссері: «Біздің театр ұзақ уақыт комедия жанрында қойылым қоймадық. Сол үшін халық сағынып қалған. Тіпті бізге арнайы келіп, «өмірімізде онсызда драма көп, сондықтан біз үшін комедия да қойсаңдар» деп тілек білдірушілер көп болды. Сондықтан жыл басын осынау адам баласына терең ой салатын қойылыммен бастағанды жөн көрдік. Премьераға дайындықты 10-шы қаңтардан бастадық. 20 күн ішінде қойылым дайын болды. Өздеріңіз көргендей әртістер өз рөлдерін өте сәтті алып шықты. Көрерменге де ұнаған сияқты. Бұл бізді қуантады.

Көрермен күле отырып, жанды жаралаған бұл жәйтке еріксіз бас шайқады. Әртістердің әр образды шебер алып шыққанына дән риза. Тақырыбы өзекті пъесаны сахнаға алып шыққан ұжымға алғысын жаудырды.

Этибар Ахмаджанова, көрермен: «Өте ризамыз. Әсіресе Рустам Сайтходжаевты сағынып қалыппыз. Не деген шебер әртіс. Дәрігерлердің қитұрқы әрекеттерін қалай шынайы жеткізді? Осындай қойылым арқылы көптеген адамдар ой түйетіні анық. Бұл қоғамда орын алып жатқан шынайы оқиға. Осыны көремендерге күлкі арқылы жеткізу деген нағыз шеберлік. Сондықтан мен ұжымға айтар алғысым шексіз».

Комедия көрерменді тәрбиелейді деген театр ұжымы осы жылы бұл жанрдағы шығармаларды жиі сахналайтынын жасырмады. Репертуарында ондай шығармалар баршылық. Айта кетейік, осы жылдың қазан айында өнер ұжымының құрылғанына 15 жыл толады.

Жанерке Хумар