Өмірде сан түрлі адамдар бар. Бірі әділдікі қаласа, бірі оған қарсы тұрады. Ал тағы бірі жақсылықты жаны сүйсе, енді бірі оған жамандық жасауға жақын. Қоғамда кездесетін осындай кейіпкерлерді «Real Fokus» киностудиясының жас әртістері құстардың кейпінде сахналады.
Мумина Уәлихан, «Мен жағымпаз тотықұстың рөлін сомдадым. Мұндағы мақсат, басшыларға жағымпазданып, өзін ғана жақсы көрсеткісі келетін адамдар сырттан қалай көрінетіндігін көрсету болды. Бұл әрине жағымсыз кейіпкер. Сол себепті де осындай рөлді сомдап шығу маған қиындық туғызды».
Зұлпыхар Нұрхат, ұйымдастырушы: “Real fokus” киностудиясы 2017 жылы жұмысын бастады. Біз болашақта әртіс болғысы келетін балалармен жұмыс жасаймыз. Студиямызда 7 мен 17 жас аралығындағы жастар көп. Бізде биден, сахна тілінен және тренинг жаттығулардан сабақтар өтеді. Біз қабілеті бар жастарды қабылдаймыз. Қазір 40-қа жуық оқушы бар. Бұл біз қойған алғашқы театр қойылымы. Соған қарамастан оқушыларымыз жақсы алып шықты».
Комедияда құстар арасында ән байқауы өтеді. Сайыста бұлбұл сынды нағыз таланттың көлеңкеде қалып қоятыны әдемі көрсетілген. Сыбайлас жемқорлықтың арқасында қарға сияқты әншісымақтардың қарқылы басым түседі.
Құс кейпімен талайдың шын шамасын көрсеткен жас әртістерге көрермендер ризалығын білдірді. Өзекті тақырыпты түсінуге тырысып, шынайы ойындарына алғыс айтқандар көп. Жас әртістер де алғашқы қойылымдарының кемшіліктеріне кешіріммен қарап, түсіністік танытқан келушілерге разы. Айта кетейік, бұл комедия қаладағы барлық мектептерде сахналанады.