Қоғамдық кеңестің атқарар ісі ауқымды

1083

Бұрын ел арасындағы түрлі түйіткілді мәселелер мен дау-дамайларды аузы дуалы ақсақалдар бір ауыз сөзбен шешсе, қазір сол ақсақалдардың орнын қоғамдық кеңес басты. Көпшіліктің көкейіндегі мәселені қозғап, елдің мүддесін қорғап, халықтың мұң-мұқтажын құзырлы орындарға жеткізуде қоғамдық кеңестің рөлі зор.

Әр саланың өкілдерінен құралған облыстық және қалалық бұл белсенді ұйым 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде қандай шешімдердің түйіні шешілді? Қазіргі күні қандай жұмыстар атқаруда, алдағы жоспарлары қандай?

Қоғамдық кеңес бұл – ел ішіндегі түрлі саладағы мәселелерді талқылау алаңы, халықтың мұң-мұқтажын тікелей билік өкілдеріне жеткізуші механизм. Былайша айтқанда, егер монополистер тарифті көтеруге шешім қабылдаса, ол бірінші қоғамдық кеңестің талқылануына түседі, ал кеңес мүшелері осы бойынша жұртшылықтың пікірін ескеріп қана өз шешімдерін айтады. Тек құптаған жағдайда ғана, монополистерге тарифті көтеруге рұқсат етіледі. Немесе тұрғын белгілі бір проблема бойынша арыз жазып, қоғамдық кеңеске тапсырса, ол міндетті түрде кеңестің отырысында қаралады.

Бұл тек екі мысал…
2015 жылғы 2 қарашада Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы қабылданды. 2016 жылдан бастап республика бойынша мемлекеттік шешімдерді қабылдауға азаматтық қоғам өкілдерін қатыстыру мақсатында түрлі деңгейдегі қоғамдық кеңестер құрыла бастады.

Оңтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесі 2016 жылы сәуірде өз жұмысын бастады. Құрамына депутат, ардагер, зейнеткер, журналист, қоғамдық ұйымның жетекшілері, басқарма басшылары және кәсіпкерлерден құралған 55 адам бекітілген. Кеңестің бюджеттік, әлеуметтік, ауылшаруашылық және құқықтық мәселелер жөніндегі 4 бірдей комиссиясы бар. Кеңес төрағасы – облыстық маслихаттың депутаты, қоғам белсендісі Өмірзақ Мелдехановтың айтуынша, ереже бойынша қоғамдық кеңес мүшелерін конкурс арқылы жұмыс тобы үш жылға бекітеді, одан аспайды. Үш жылдан кейін жаңадан тағайындау болады. Кеңес мүшелеріне жалақы төленбейді, міндеттерін қоғамдық негізде атқарады. К

еңес құрамының үштен екісі қоғам қайраткерлері мен жеке азаматтардан құралады. Ал бір бөлігіне биліктегі азаматтары (лауазымды) енеді.
Қызметін бастаған уақыттан бері облыстық қоғамдық кеңесте халықтың ойы тыңдалып қана қоймай, сонымен қатар шешімнің негізіне алынған сәтті бастамалар аз емес. Соның бірі – елімізде саяси резонанс тудырған 2015 жылы «Жер кодексіне» енгізілген толықтырулар мен өзгерістер еді.

Өмірзақ МЕЛДЕХАНОВ, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы:
– 2015 жылы жер мәселесі көтерілген кезде, облыстық қоғамдық кеңес өте белсенді жұмыс істеді. Әрбір азаматты, қоғам белсенділерін тыңдап, ортақ шешімге келді. Сол кездегі 5 жылға мараторий беру біздің облыстан шыққан ұсыныс болған. Қазір газ мәслесін көтеріп жүрміз, Қазақстан бойынша ең қымбат тариф біздің өңірде, тариф мәселесі бірден шешілмейді, бірақ соңына дейін жұмыс істейміз. Қала, аудан Қоғамдық кеңестермен байланысымыз тығыз,олардың кеңес төрағаларымен ақыл кеңес алмасу, әдістемелік көмек көрсету және үйлестіру жұмыстарын жүргізіп отырамыз.

Қоғамдық кеңестердің негізгі міндеттерінің бірі – халықтың мәселесін билік өкілдеріне жеткізіп, шімін табуға қол ұшын созу. Бірақ, қазақ халқы әбден қиналып біткен кезде ғана арызданады,белсенді емес. Сырттан қарап баға береді. Қандай да бір дүние болсын, оған пікір білдіріп, ұсыныс айтып, ортада қозғап, нәтижесін шығаруға дейін атсалысатын болсақ, одан ешкім ұтылмасы анық.

Қоғамдық кеңес айына бір рет, кей жағдайларда кезектен тыс отырысы өткізіледі. Сондай-ақ Қоғамдық кеңестер жоспар бойынша жылына екі рет халық алдында есеп беруі тиіс. Жуырда өткен кеңестің кезекті отырысында бес бірдей тақырып қозғалды. Шымкент қаласындағы «Бозарық» қосалқы стансасының желісін қосудағы заңдылықтардың бұзылуы.

220 КВт-тық желінің және жалпы стансаның толыққанды іске қосылатын мерзімі бірнеше рет өзгертілуі, жақында ғана жолы кесілген балалар темір жолы, Президенттің нұсқауымен Қоғамның барлық салаларын цифрландыру сөз болды. Шымкенттегі қоғамдық көліктерде «СМАРТ ЖКХ» компаниясы электрондық билеттеу жүйесін енгізбекші. Инвестиция құйып отырған компания жетекшісі тұрғындардың қалтасына салмақ түспейді деп сендірді. Кеңес мүшелері жүйені енгізуге рұқсатын беріп тарқасты. Араға бір күн салып, облыстық қоғамдық кеңестің кезектен тыс жиыны тағы өтті.

Оған негіз болған Мақтаарал ауданын үш ауданға, Сарыағаш ауданын екі ауданға бөлу мәселесі еді. Әрине, көптің көңілін күпті еткен бұл бөлуді кеңес мүшелері де бірауыздан бекітті. Облыстың әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгеріс және Асықата, Келес, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш аудандарының шекараларын келісу мәселелерін Әділет департаментінде тіркеп, заңдастыру үшін қоғамдық кеңес мүшелеріне Президенттің арнайы қаулысы мен Үкімет басшысының негізді ұсыныстары таныстырылды.

2016 жылғы 29 ақпанда Шымкент қалалық мәслихатының шешімімен 27 мүшеден тұратын қалалық қоғамдық кеңес құрылды.

Мұхтар Битеміров, Шымкент қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы:
– Заңда көрсетілген-дей, қоғамдық кеңестің әрбір қабылдаған шешімін қарастыру – биліктің міндеті. 2017 жылы кеңестің 9 мәжілісі өтіп, 15-тен астам нормативтік құқықтық актілердің жобасы қаралды. Кеңестің күн тәртібінен қоғамдық көлік мәселесі түскен емес, бұл бойынша тиісті құрылымдық бөлімдерге орындау үшін ұсынымдар жолданып отырады. Кеңестің ұсынысы арқасында оқушылар сарайының алдындағы алаңшаға автотұрақ құрылысын жүргізу, Қонаев даңғылы мен Арғынбеков көшесінде жолаушылар көлігі қозғалысын жетілдіру мақсатында 60 км/сағаттан 70 км/сағатқа дейін арттыру мәселелері оң шешімдерін тапты.
Талап-тілекке келгенде ешкім белсенді емес екенін мойындау керек. Айтуымыз мүмкін, бірақ соны соңына дейін жеткізуден қашқақтаймыз. Онда біз қандай мәселенің шешімін тапқанын кімнен күтеміз. Сұрақ осы. Бұған мән беру ешқашан кеш емес.

Әлия ӘДІЛБЕК