Қала бюджетінің жайы қоғамдық кеңесте қаралды. Игерілмеген қаржы бар

41

Қоғамдық кеңес мүшелері Шымкент қаласы бюджетінің 2022 жылы кірістерінің орындалуы мен шығыстарының игерілуін талқылады. Қаржы басқармасының басшысы Руслан Бақтыбаев былтыр атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Қаланың жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн. 165 млрд. теңгеге жеткен.

Бұл сома өнеркәсіп, бөлшек сауда, жылжымайтын мүлік, химия және фармацевтика саласындағы табыс көзімен және шаһарға тартылған инвестиция есебінен толыққан. Бюджеттің көлемі 603 миллиардтан асқан. Былтыр  аббаттандыру саласына 28 млрд. теңге бағытталса, жол саласында 3 ірі көше жолдарын күрделі, 164 көше орта жөндеуден өткізуге 10 млрд. теңге жұмсалған. Алайда, игерілмеген қаржы да бар.
Руслан Бақтыбаев, Шымкент қалалық қаржы басқармасының басшысы: «Құрылыс саласында жұмыс көлемінің ұсынылмауына  байланысты 130 миллион теңге игерілмеген. Тұрғын үй басқармасы бойынша: Ұлттық қордан 12 пәтер сатып алуға  бөлінген 86 миллион теңге игерілмеді. Мемлекеттік сатып алу бойынша  пәтерлерді  сатып алуға өтінім берілген, конкурс өтпеді. Жыл қорытындысы бойынша бос қалдық – 11 миллиард 950 миллион теңгені құрады. Оның 1 миллиарды республикалық бюджетке қайтарылды, қалған 10 миллиард 926 миллион теңге мәслихат шешімімен қаланың қажеттігіне  бағытталды».

Былтыр мәдениет саласына 11 млрд. теңге қаражат бөлінді. Спортты, оның ішінде бұқаралық спортты дамытуға 19,7 млрд. теңге бағытталған. Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан «Ордабасы» футбол командасының жаттығу жиындарына, түрлі деңгейдегі жарыстарға барып келуіне қаржы жетпеген жағдайда, олардың жалақысын арттыру керек деген ұсыныс та айтылды.

Абдулла Ахметов, Шымкент қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі: «Ия «Манчестер Юнайтедтің»  бір өзіне  қаншама қаражат бөледі. Оның қасында  бізде спортқа бөлінген 2 миллиард қаржы тым аз емес пе? Демеушілер де бар болар. Оларда қолдау көрсететін шығар?».

Қаржы басқармасының басшысы кәсіпқой және бұқаралық спортқа бөлінетін қаржының шектеулі екенін айтады. Сөзінше 1,2 млрд. ең көп сома. Спорт басқармасындағылар қаланың намысын қорғайтын спортшыларға кәсіпкерлер де қолдау көрсетуде дейді.

Ермек Дәрменов, Шымкент қалалық спорт басқармасы басшысының орынбасары: «Келесі жылы Парижде Олимпиада өтеді. Биыл лицензиялар ойнатылып, Азия ойындары, чемпионаттар өтеді. Дайындыққа бюджеттен 5 миллиард 200 миллион теңге бөлуді сұраймыз. Оқу-жаттығу жиындарына, сапарларға және халықаралық жарыстарға қатысуға».

Айта кететін жәйт, былтыр әлеуметтік салаға 25 млрд. теңге жұмсалса, денсаулық саласына 9,8 млрд. теңге бағытталды. Шаһар аумағында бой көтерген 177 балалар ойын, спорт алаңшаларының 49-ы халық бюджеті жобасы аясында салынды. Қоғамдық кеңес мүшелері шенеуніктерді бюджет қаржысын мақсатты жұмсауға шақырды.