Қазақстан халқының 52 пайызын әйелдер құрайды. Оңтүстіктегі жағдай да осы шамалас. Үш миллионға жуық тұрғыны бар облысымыздағы қыз-келіншектердің үлесі 1,5 миллион шамасында.
Әйткенмен, өңіріміздегі нәзік жандылардың мемлекеттік қызмет, басшылық қызмет пен кәсіпкерлік саласындағы үлесі басқа облыстағы көрсеткіштермен салыстырғанда төмен. Мәселен, күнгейлік ханымдардың тек 5,9%-і мемлекеттік қызметте еңбек етсе, 74 мыңға жуығы бизнес-леди атанған.
Әйел – аяулы ана, адал жар. Қазақ қоғамында қыз-келіншектердің алар орны қашан да айырықша болған. Бертін келе әйелдер отбасы-ошақ қасынан бөлек, қоғамдық қызметке де араласа бастады. Әйел азаматтарымыз бизнесте де белсенді болып келеді.
Облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Жандосованың айтуынша, әлеуметтік және саяси өмірдегі әйелдердің рөлі күн өткен сайын артып отыр. Әйткенмен Оңтүстікте басшылық қызметте отырған әйелдер қатары басқа өңірлерге қарағанда төмен.
Мәселен, облыстағы түрлі деңгейдегі мәслихаттарда 315 депутат болса, соның 16-сы ғана қыз-келіншектер. Көпшілік айтатындай, мектеп директорларының да басым бөлігі нәзік жандылар емес. Облыстағы 1022 мектептің тек 20%-ын ғана әйелдер басқарады.
Алайда көңіл құлазытып, жанды жабырқататын басқа да мәселе бар.
Ол – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың белең алуы. Бір қолымен бесігін, екінші қолымен әлемді тербететін нәзікжандылардың елге қорған, әйелге арқасүйер болар ер азаматтарымыздың соққысына жығылып жатқаны өкінішті-ақ. Статистикаға жүгінсек, отбасылық зорлық-зомбылықтың саны жөнінен Оңтүстік Қазақстан облысы республика көлемінде алдыңғы орында тұр. Ал Оңтүстікте әйелдердің жұдырық тиіп, тепкінің астында қалуы Сарыағашта жиі болады. Облыстағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 74 пайызы осы Сарыағаш ауданында тіркеледі. Күйеуінің тоқпағынан дәрменсіз күйге түскен кейбір әйелдер баласына көңіл бөлуден қалса, енді бірі үйінен кетіп, бас сауғалайтын пана іздеуге мәжбүр.
Міне, осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін «Облыстық әйелдер кеңесі», «Іскер әйелдердің ассоциациясы», «Кәсіпкер әйелдердің кеңесі», «Саясаткер әйелдер клубы», «Аналар кеңесі» жұмыс істейді. Атауы бөлек-бөлек болғанымен жұмысы мен мақсаты бір. Ол — қамқорлықты қажет ететін әйелдерге көмек қолын созып, өмірін жақсартуға, жұмысқа орналасып, азамат ретінде құқы қорғалып, баласына жақсы тәрбие беруіне жағдай жасау, гендерлік саясатты қолдау, әйелдің белсенділігін арттыру, мемлекеттік және саяси-қоғамдық қызметтерге ұсынуға болатын әйелдердің кадрлық қорын қалыптастыру, көшбасшы арулар мектебінің жұмысын ұйымдастыру.
Баян Жандосованың сөзінше, осы бойынша бірнеше бағытта жұмыс атқарылады. Олар:
1. Әйелдерді қоғамдық жұмыстарға дайындау;
2. Әйел мен бала денсаулығы;
3. Жастармен жұмыс;
4. Қамқорлық акциялары.
Бірінші бағыт бойынша, өткен жылы қыз-келіншектерге арналған семинар-тренингтер ұйымдастырылады. Ораторлық шеберлік дәрістерін үйретіп, өзін-өзі ұстау, қоғаммен байланыс орнату сияқты психологиялық дайындықтан өтеді. Биыл сәуірде басталып, 1 айға созылатын дәрістен «жақсы» баға алған бикештер «іскер әйелдер резервіне» алынады.
«Облыстық әйелдер кеңесі жалпы екінші бағытқа баса назар аударады. Ол түсінікті де. Себебі, әйел мен баланың денсаулығын қорғау, ерте жүктілік пен жасанды түсіктің алдын алу мәселелері күн тәртібінен түскен емес»,-дейді Баян Жандосова.
Үшінші бағытқа келсек, «Облыстық әйелдер кеңесі», «Кәсіпкер әйелдердің кеңесі» және жастар ресурстық орталығы бірігіп ЖОО студенттерімен «Сәрсенбілік сәтті сұхбат» жобасын қолға алыпты. Жоба аясында 9 кездесу өткізілді. Әр отырысқа 3 спикерден 27 жас кәсіпкер қатысқан. Олар студент-жастарға кәсіпкерлікті бастаудың жолдарын, сондағы қиыншылықтармен бөліскен. Жастарға мотивация берді.
Төртінші бағыт аясында 2017 жылы 12 қайырымдылық шарасы өткізілген. Көбіне балалар үйінің тәрбиеленушілеріне демеушілік жасалған екен. Тұрмысы төмен отбасылар да, зорлық-зомбылық құрбандары да назардан тыс қалмайды екен.
Ал облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова: «Ел болашағы жастардың қолында екенін ескерсек, олардың бүгінгі қалыптасу болмыстарына алаңдауға негіз бар», — дейді.
Өйткені, кейбір жастар көше тәрбиесіне еліктеп, түрлі қолайсыз жағдайларға тап болып жатады. Оның соңы бір емес бірнеше адамның тағдырына кері әсер етуі әбден мүмкін. Әсіресе «ертеңгі ана» деп отырған жасөспірім қыздардың әрбір қадамына ата-ана қырағы болуы керек. Әйтпесе ертең бәрі де кеш болуы мүмкін. Сондықтан басқарма басшысы әрбірі баланың тағдырына алаңдаулы. Тек алаңдап қана қарап отырмай, небір құқық бұзушылықтың алдын алу қамын жасауға және жастарды тек игі бастамаларға баулуға тырысады.
Қоғамда отбасының мәртебелік мәні қашанда терең. Ал сол отбасының ұйытқысы – әйел заты адам баласының өмірге жолдама алатын кәусар бастауы, арқасүйер алтын діңгегі. Ендеше, отбасы, соның ішінде әйел заты қауымының беделін арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан осындай елеулі іс-шаралардың қатары көп болғай.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ