«Асқаровтың аққайыңдары». Күнгейдің бас театры – Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры осындай тақырыппен премьералық қойылымын сахналады. Тарихи тұлғаның өзі мен өміржолы бүкпесіз баяндалған еңбектің авторы – белгілі қаламгер Мархабат Байғұт. Қоюшы режиссері – Жұмабек Есімов. Оңтүстік өңірінің өрлеп-өркендеуіне еселі еңбегі сіңген ердің тағдырын танып, тамашалаушылардың қатарынан біз де табылдық.

Күнгейдің көрермені енді тарихи тұлға Асанбай Асқаровты осы (суретте) кескін-келбетпен көреді. Түр-тұлғасын тап осылай таниды. Себебі, атпал азаматтың амал-қадамдары мен аңызға айналған жоба-жұмыстарын бүгінгі толқынға таныстырып, түгендейтін де осы кісі – Еркін Шымырқұлов. Бүгінге дейін театр сахнасында 100-ге жуық рөлдерді сомдаған тәжірибелі әртіс кезекті кейіпкеріне енуде кездескен қиындықтарды жасырған жоқ.

«Түрмеге қамалғандағы жағдайы, тергеушілердің алдындағы  өз -өзіне деген сенімділігі, міз қақпауы – мені үлкен тебіреніске түсірді. Абақтыда ұйықтап жатқанда түсіне өз анасы еніп, Асқаровтың жәй-күйіне алаңдап, жігерлендіруі де – менің жаныма қатты әсер етті. Кейіпкерімнің ішкі сырын, жан дүниесін түсініп барып, сол образды шығардым десем болады», – дейді ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Шымырқұлов.

«Асқаровтың аққайыңдары» атты қойылымның желісі – 1986 жылы Қазақстан Орталық Партия Комитетін Колбин басқарған кезі, одан кейін де Асекеңнің басына туған ауыр күндер – төрт жылдан астам уақыт қамауда болған кездері баяндалған. Тергеу кезінде оған Желтоқсан көтерілісін ұйымдастыруға қатысқан және ұлтшыл деген «кінә» тағылуы да көрініс тапқан. Спектакльдің қоюшы-режиссері Жұмабек Есімовтың айтуынша, оқиғадағы құнсыз-құрдым қоғамды көрсететін декорация табу оңай болмаған.

 

Жұмабек Есімов, қоюшы-режиссер: «Сол замандағы офицерлердің киімдері, қолданған заттары, тіпті «қылмыскердің» қолына таққан кісенді көп іздедік. Бұл қажеттіліктер тиісті мекемелерде болғанымен, әдетте өзгелерге берілуге болмайтыны жөнінде арнайы заңдылықтары бар екен. Арнайы сұраныспен шығып, жолын тауып жүріп, әзер алдық. Ал қойылымның ерекшелігі – оқиғалар тек жанды дауыстағы дыбыс-әндермен сүйемелденеді».

Спектакльде Кеңес дәуіріндегі дара тұлғалар мен елдің басынан өткерген өзге де уақиғалар Ұлт мақтаныштары – Асанбай Асқаров пен Шерхан Мұртаза екеуінің арасындағы сұхбат арқылы дәйектеледі. Айта өтетін ақпарат, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры «Асқаровтың аққайыңдары» атты премьералық спектакльді көпшілікке ұсыну үшін 3 ай уақыт дайындалған. Және қойылымға өнер ұжымының барлығы – 45 әртісі жұмылдырылыпты.