Көне қаланың жаңа келбеті…

719

Шымкенттің әкімі ауысқан сайын «Ескі қалашық» аумағы да «жаңа келбетке» енеді. Дұрысы жоба-жоспар ауысып отырады. Бір әкім мұнда аспанмен таласқан зәулім үйлер салмақ болған. Жоспар орындалмады. Екінші әкім Қошқаратаның бұлақ бастауын қалыпқа келтіріп, демалыс орнына айналдырды. Ендігісі Қошқарата өзенін бойлай орналасқан аумағын жаңарту ісі кезегін күтіп тұр.

Қалаға әкім болып тағайындалғанына 3 айдан енді асқан Нұрлан Сауранбаев Ескі қалашықтың орнын сақтап, қайта жаңғырту жобасымен бөлісті, жуырда. Әкім құп көрген жоба талайдың көңілінен шығып отыр. Ескі қорғанды аралап көргеннен кейін бәрін сүріп тастамай, жаңа келбетке ендіруді ұсынған.

Ескі мешіт, Қошқар ата өзенінің бойын жүріп өтіп «осы орындардың барлығын біріктіріп, Шымкенттің тарихи бөлігіне айналдырамыз» деген шешімге келген.
Расында шетелден келген туристерді зәулім үйлермен, заманауи ғимараттармен таң қалдыра алмайсың. Олардың көргісі келетіні қаланың ескі бөлігі болатыны сөзсіз. Табаны тиген жердің тарихымен танысудан бастайтындар үшін Ескі қалашық расында таптырмайтын орынға айналары сөзсіз. Жаңартқанда да алюкобондпен қаптап тастау емес, көне ғасырларға жетелейтін табиғи құрылыс материалдарын пайдалану басты нысанаға айналмақ. Яғни, көшелерді кафельмен емес, кәдімгі табиғи тастармен көмкеру жоспары бар.

Сәулетшілердің алғашқы жобасында ескі қорғанды «Шымкент-плаза» сауда — ойын-сауық орталығына дейін қосатын тіке көше салу еді. Дегенмен әкім бұл жобаны құптамаған. Өз аяғымен аумақты аралап шыққан әкім қазіргі көшелерді сақтап қалуды ұсынған. Аталған көшелер «Шымкент-плаза» орталығының артындағы аумаққа тікелей шығады. Осы аумақтағы 1 га жер учаскесіне гүлзар салып, айналаны жасыл-желекпен көмкеруге мүмкіндік бар.

«Көне қаладағы тар көшелерде қызмет көрсету орындарын жасауға болады» деген қала әкімі осы аумақтағы тұрғындарға да кәсіп көзі ашылатынын жеткізді. Яғни, тұрғылықты тұрғындар қолөнер шеберханаларын, шайхана, ескі үлгідегі шағын қонақ үйлер салып кәсібін дөңгелетсе болады. Осылайша билік пен тұрғындардың ымыраға келу мүмкіндігі туып отыр. Әйтпесе ескі қалашық сүріледі дегелі бері мұндағы тұрғындардан маза қашқан болатын.

Сочиде өткен ТМД елдері басшыларының саммитінде 2020 жылы Шымкент ТМД елдерінің астанасы болады деп белгіленгені белгілі. Соған орай бүгінде қалада ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ең бастысы Шымкент қаласының көне тарихын көрсететін Ескі қалашықтың болашақ жоспары бекітілді.

Нұрлан Архабаев, Шымкент қаласының бас сәулетшісі: «Әйтеке би даңғылының жоғары жағы ескі қорған, құрылыс дүкендері, «Шымкент плазаға» дейінгі аумақтың бәрі көне қаланың аумағына жатады. Ол жерлерге құрылыс жүргізуге рұқсат беріліп жатқан жоқ. Алғашқы жоба 2010 жылы бекітілген.

Бүгінгі күні талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ескі қорғанда реставрация, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі барлық мамандарды жинап, жобаларды қарап, танысып шықты. Тәуелсіздік саябағы, Ескі қорған, аумағының реставрациялық жобалары жасалған. Тарихи нысан болғаннан кейін оның аумағында ескі дүниелер дәріптелуі тиіс. Әкімнің негізгі тапсырмасы Қошқар ата өзенінің арнасын ашу болды. Жергілікті тұрғындар 1950-60 жылдары Қошқаратадан су ішетінбіз, тұп-тұнық, таза болатын дейді. Ал қазір шайынды суларын ағызып, қоқыс тастауда. Алдағы уақытта қоқыс, шайынды су төгуге тиым салынбақ…

Тапсырма бойынша бірінші кезеңде жағалаудан 10 метрден алып, тазалау жұмыстары жүргізіледі. Сол жерлерді абаттандырып, жаяу жүргінші жолын салып, ағаш егіп демалатын орынға айналдырамыз. Екінші кезең бойынша Қошқаратаның «Шымкент плазаға» дейінгі аумағын тазалау. Одан кейін Қарасудың арнасын тазалау. Ол аумақта демалыс орындары болатын болғандықтанған ол жердің бәрін реттеу керек. Орта Азияға тән стильге салып, сыртқы пішінін өзгертіп келтіру қажет. Аркалар бар, күннен қорғайтын кереге сияқты куполдар бар. Екі қабатты, әрі кетсе 4 қабатты үйлер салуға рұқсат беріледі. Әкім ғылыми тұрғыда қарап шықсаңыздар деп тапсырма берді. Үй қожайындары да бұл жобаға атсалысса.

Тұрғындарға да пайдасы болар еді. Құрылыс дүкендерін көшіреміз деген тапсырма сол күйінде тұр. Ол тапсырма алынып тасталған жоқ. Ең маңыздысы Қонаев көшесінің оңтүстік бағытқа өтуі. Ол ескі қалашықтың маңынан өтпесе басқа жақта жер жоқ. Сол аумақтағы көшеге түсіп тұрған үйлерге тапсырма бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сол бойынша жұмыс тоқтамайды. Ал бұдан басқа қалған бөлігінде көшіреміз деген бұрын тапсырма берілген шығар, ол қазір күшінде емес. Егер нысан иелері құрылысқа араласамын десе мүмкіндігі бар.

Ең бірінші кезекте ескі қорған аумағында реттеу жүргізіледі. Құрылыс дүкендері, басқа нысандар реттеледі. Қошқаратаның бойы, Қарасудың бойы жөнделеді. Содан кейін негізгі көшелерді анықтап қойдық. Сол бағыт бойында жұмыс жүргізіледі. Үшінші кезеңде бұлақтың басында реттеу жүреді. Мұнда көпқабатты үй түсіру дұрыс емес. Ескі қала болғаннан кейін бұл мүмкін емес. Тарихи көздерін сақтап қалу қажет. Ертедегі 500-600 жыл бұрынғы көшелер тұрса керемет емес пе? Тарихи кездегі үлгіге жақын болады».

Гүлжан Жұмаш