1-наурыз — Алғыс айту күні. Мерекенің құрметіне орай, Қазақстан Халқы Ассамблеясы күнгейде бір емес, онкүндік жоба-жоспарды қолға алды. Бастаманың аясында, бір атаның баласындай татулығын ту еткен этнос өкілдері көршіге ізет көретіп, тарихты талдап, қайырымдылық шараларына жұмылды.
Көктемнің алғашқы күнінде сіркірей жауған жаңбыр жерлестеріміздің көңілін түсірген жоқ. Тиісінше, мұны кездейсоқ емес, Алланың нұры, Құдайдың қарасқаны деп қабылдады олар. Жүздері бал-бұл жайнаған жұртшылық қазақ халқына деген ризашылығын білдіріп, мәре-сәре құттықтап жатты. Алғыстарын айтып, ақ тілектерін жолдады.
Сондай-ақ, бүгін еліміздің өзге де аумақтарындағы ағайынға бейнеконференция байланысы арқылы құттықтау-тілектерін жолдап, ақжарма алғыстарын айтуға мүмкіндік алды. Онлайн жүйесінде өрбіген шараға Астана қаласынан ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова бастаған белсенді топ пен Оңтүстік және Батыс Қазақстан облыстарындағы Қазақстан Халқы Ассамблеясының өкілдері атсалысты.
Естеріңізде болса, Оңтүстікте 1 жыл бұрын мемлекет меншігіне өткен ғимарат қайта құрылымдаудан өтіп, Қазақстан Халқы Ассамблеясының игілігіне беріліп еді. Мәрмәр тастан қашалған «Қазақ еліне мың алғыс» монументі де сол күні ашылды. Бұл — осы өңіріміздегі өзге этно-мәдени бірлестіктердің бастамасымен бой көтерген құрмет белгісі-тін! Дәл осы тарихи құндылық пен «Достық шаңырағы» — қазіргі Қазақстанның бірегей байлығына айналғаны қуантады.
Елбасының жарлығымен облысымыздағы 20 этно-мәден орталық осыдан 23 жыл бұрын жұмысын бастаған. Бүгінде бір ғана Оңтүстік өңірінде 108 ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті өмір сүруде.